
9 желтоқсан күні Алматы қаласында ақын Олжас Отардың «Ауырмайды жүрек» атты шығармашылық кеші өтті. Әдеби және музыкалық форматта ұйымдастырылған бұл кешке қазақ эстрадасының белгілі өкілдері қатысты.
Кеш барысында сахнада Саят Медеуов, Досымжан Таңатаров, Қайрат Нұртас, Қанат пен Света, Тоқтар мен Бейбіт, Ернар Айдар, Әлішер Кәрімов және Абай Бегей өнер көрсетті. Сондай-ақ, сахнаға Мұқасан Шахзадаевтың да шыққаны байқалды.
Ақын Олжас Отар өзінің Instagram парақшасында жариялаған видеода Мұқасан Шахзадаевтың сахнада ән айтып тұрған сәті көрінеді. Бұдан бөлек, әнші Досымжан Таңатаров Instagram стористерінде Мұқасанмен бірге түскен суретін де бөлісті.
Еске сала кетейік, бұған дейін Мұқасан Шахзадаевқа қатысты адам ұрып-соғу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, оның қамауға алынғаны туралы ақпарат тараған еді.
Жәбірленуші Ғалымжан Сүлейменнің қорғаушысы Инга Иманбайдың айтуынша, Мұқасан шақырылған уақытта келу үшін қолхатпен жіберілген.
«Аталған іс ҚР ҚК 107-бабының 2-бөліміне сәйкес қаралып, 3 жылға дейінгі түрме жазасын көздеуі мүмкін, орта деңгейдегі ауырлыққа жатады. Бірден қамауға алу міндетті емес, тек сот залынан кінәсі толық дәлелденсе ғана қамалуы мүмкін», деп жауап берді қорғаушы Kuriv Media сауалына.