Жаңа жылдық атмосфера сыйлайтын үздік фильмдер

Жарияланды 18 Желтоқсан 2025 08:31

Торғын Қабен

Торғын Қабен

фото: shutterstock.com

Жаңа жыл мерекесіне орай қазақстандықтар қатарынан 4 күн демалады. 30-31 желтоқсан жұмыс күніне түсіп тұрғандықтан, оның орнына демалыс 1-4 қаңтар аралығына ауыстырылды. Одан кейін екі күн жұмыс істеп, қаңтардың 7-сі Рождествоға тағы демалады. Бұл дегеніміз қазақстандықтарда алаңсыз кино қарауға уақыт мол болады деген сөз. Әсіресе, жаңа жылдық демалыста ностальгия сезімі бойды кернеп, ескі фильмдерді қарауға құлшыныс артатыны бар. Осы орайда Kursiv Media тілшісі орта жолдан қалдыруға мүмкіндік бермейтін, сюжеті қызық, көпшіліктің қыста көретін дәстүріне айналған фильмдерін тізіп шықты.

«Рождество хикаясы» (Рождественская история)

  • Шыққан жылы: 2009
  • Елі: АҚШ
  • Режиссёрі: Роберт Земекис
  • Рөлдерде: Джим Керри, Гари Олдман, Колин Фёрт

Жарыққа шыққанына 16 жыл болса да, бұл фильмді көрмегендер кемде-кем. Сюжеті жайлы қысқаша айтар болсақ, Эбенезер Скрудж Рождество мерекесін жек көреді, өзі нағыз шық бермес Шығайбай, үнемі қабағынан қар жауып жүреді, адамдарға пайызға ақша береді. Сөйтіп дәл мереке түні оған кезек-кезек үш түрлі рух келіп, кейіпкерді өмірінің әр түрлі кезеңдеріне қайта оралтады. Өткен күндеріне қайта барғанда барып ол өзінің қандай адам болғанын, осы қарқында өмірін жалғастыра берсе алда не күн күтетінін түсінеді. Эбенезердің өз іс-әрекеттерін терең талдайтын түні туралы оқиға десек болады.

«Үйде жалғыз қалғанда» (Один дома)

  • Шыққан жылы: 1990
  • Елі: АҚШ
  • Режиссёрі: Крис Коламбус
  • Рөлдерде: Маколей Калкин, Джо Пеши, Дэниел Стерн

Бұл фильмді жаңа жыл қарсаңында миллениалдар міндетті түрде бір қарап шығады. Бірнеше бөлімнен тұратын оқиға. Маккалистерлер әулетінің жыл сайын Рождествоға орай демалысқа басқа елге не қалаға баратын дәстүрі бар. Бірнеше отбасы, қаптаған бала-шаға жиналатындықтан, сапар алдында олар үнемі қарбаласып кетеді. Сөйтіп қапылып жүргенде үйдің кенжесі Кевин үйде жалғыз қалып қояды. Әке-шешесі оның қалып қойғанын ұшаққа отырған соң бір біліп, енді кері қайтайын десе, билет таппай қиналады. Ал дәл сол уақытта Кевин зәулім үйде өзі би, өзі қожа болып рахаттанады. Дегенмен олардың үйіне ұрылардың көзі түсіп, тонап кетпек болады. Содан Кевин қожайын ретінде үйін қорғау үшін жоспар құрып, ұрыларға қарсы тұрады.

«ТАҒДЫР ТӘЛКЕГІ немесе ЖЕҢІЛ БУЫҢЫЗБЕН» (Ирония судьбы, или С лёгким паром!)

  • Шыққан жылы: 1975
  • Елі: Совет одағы
  • Режиссёрі: Эльдар Рязанов
  • Рөлдерде: Андрей Мягков, Барбара Брыльска

Бас кейіпкер мен достарының жаңа жылда жыл сайын моншаға баратын дәстүрі бар. Көп ішіп қойып, кейіпкер ойламаған жерден басқа қалаға, біреудің үйіне кіріп кетеді. Ең қызығы, дәл сондай көше, дәл сондай үй екі қалада да бар. Бір кезде үйдің иесі келіп, бөгде біреудің ұйықтап жатқанын көреді. Үйін иемденіп алғанына басында ашуланғанымен, кейін оқиға өрбіп, соңы махаббат хикаясына ұласады.

Сауық кеші (Карнавальная ночь)

  • Шыққан жылы: 1956
  • Елі: Совет одағы
  • Режиссёрі: Эльдар Рязанов
  • Рөлдерде: Людмила Гурченко, Игорь Ильинский

Мәдениет үйінде жұмыс істейтін жастар жаңа жылға байланысты керемет кеш ұйымдастырмақ болады. Бірақ аяқ-асты жаңа бастық келіп, ол мұндай жарқыл-жұрқылды ұнатпайтын болып шығады. Көңілді кештің орнына бастық есеп берілетін, адамның іші пысатын ресми іс-шара өткіземіз деп шешеді. Бірақ жастар берілмей, қалайда мерекелік кешті естен кетпестен қызық өткізуге барын салады.

Демалыс (Отпуск по обмену)

  • Шыққан жылы: 2006
  • Елі: АҚШ
  • Режиссёрі: Нэнси Майерс
  • Рөлдерде: Кэмерон Диас, Кейт Уинслет

Бірі Лос-Анжелесте, бірі Англияның шеткері жатқан бір қаласында тұратын екі әйел интернет арқылы танысып, қызық болсын деп Рождество қарсаңында үй алмаспақ болып шешім қабылдайды. Сондағы ойы – қазір бар мәселелерден бір сәтке құтылсам деген ниет. Арқайын демалмақ болған әйелдердің басынан неше түрлі тосын жағдай өтеді.

Полярлық экспрес (Полярный экспресс)

  • Шыққан жылы: 2004
  • Елі: АҚШ
  • Режиссёрі: Роберт Земекис
  • Рөлдерде: Том Хэнкс

Рождество қарсаңында Санта-Клаустың өмірде бар екеніне сенбейтін бір бала құпия пойызға отырады. Ол жүрдек пойыз балаларды салып алып, Солтүстік полюске бет алады. Жолда жолаушылардың басынан неше түрлң оқиға өтеді. Әр тоқтаған сайын түрлі сынақ күтіп тұрады.

Түйсік (Интуиция)

  • Шыққан жылы: 2001
  • Елі: АҚШ
  • Режиссёрі: Питер Челсом
  • Рөлдерде: Джон Кьюсак, Кейт Бекинсейл

Жаңа жыл түнінде ойламаған жерден танысып қалған екеудің өмірі сол кездесуден кейін түбегейлі өзгереді. Тағдырды сынап көрмек болып, әдейін нөмір алмаспайды. Содан арада жылдар өтеді. Екеуі де іштей сол түнгі кездесуді көп ойланып жүреді. Бір күні екеуінің жолы қайта тоғысады. Ең қызығы, бұл жолы да жаңа жылда кездеседі.

34-көшедегі ғажайып (Чудо на 34-й улице)

  • Шыққан жылы: 1994
  • Елі: АҚШ
  • Режиссёрі: Лес Мэйфилд
  • Рөлдерде: Ричард Аттенборо, Мара Уилсон

Универмагта Санта-Клаус болып істейтін бір жігіт айналасындағыларға «мен шын Сантамын» деп сендіргісі келеді. Сол айтқан өтірігінің кесірінен ол сот залынан бір шығады. Ересектер дәлел іздеп дал болып жатқанда осы істі сырттай бақылап отырған бала өмірде ғажайыптың бар екеніне шын сене бастайды.

Ескі жаңа жыл (Старый Новый год)

  • Шыққан жылы: 2011
  • Елі: АҚШ
  • Режиссёрі: Гэрри Маршалл
  • Рөлдерде: Холли Берри, Зак Эфрон

Жаңа жылдың келуіне бірнеше сағат қана келген кезде Нью-Йоркте болған оқиға жайлы фильм. Мұнда неше түрлі тағдыр көрсетіледі. Біреу лифтіде қалып қояды, біреу маңызды іс-шараға дайындалып жатады. Бәрінің де бастан өткеретін жағдайы ойландырады.

Соңғы рождество (Рождество на двоих)

  • Шыққан жылы: 2019
  • Елі: Ұлыбритания
  • Режиссёрі: Пол Фиг
  • Рөлдерде: Эмилия Кларк, Генри Голдинг

Бас кейіпкер қыз үнемі ыңғайсыз жағдайға тап болып қала береді. Өзі дүкенде істейді. Мереке қарсаңында ол бір жігітпен танысады. Бір қызығы, ол ер адам көмек керек кезде алдынан шыға келеді.

Жаман Санта (Плохой Санта)

  • Шыққан жылы: 2003
  • Елі: АҚШ
  • Режиссёрі: Терри Цвигофф
  • Рөлдерде: Билли Боб Торнтон

Санта-Клаус пен оның әріптесі жыл сайын сауда орталықтарына жұмысқа кіріп, дүкендер жабылғаннан кейін сейфтерді тонайды. Бұл жоспарлары жылда сәтті іске асады. Бірақ сөйтіп жүргенде бір бала Сантаны шын деп ойлап қалады да, олардың үйреншікті жоспарларына көп кедергі пайда болады.

Рождество шежіресі (Рождественские хроники)

  • Шыққан жылы: 2018
  • Елі: АҚШ
  • Режиссёрі: Клэй Кэйтис
  • Рөлдерде: Курт Рассел

Кейт пен Тедди Пирс есімді бауырлар Санта-Клаусты жасырын камераға түсіріп алмақ болады. Сөйтіп ойламаған жерден оның миссиясының быт-шытын шығарады. Енді сол қолмен істегендерін мойнымен көтеру үшін түнгі қаланы аралап, бірер сағат қалғанда Рождество мерекесін құтқаруға кіріседі.

Төрт Рождество (Четыре Рождества)

  • Шыққан жылы: 2008
  • Елі: АҚШ
  • Режиссёрі: Сет Гордон
  • Рөлдерде: Винс Вон, Риз Уизерспун

Бас кейіпкерлер – бақытты жұп Брэд пен Кейт. Олардың бірге тұрып жатқанына бірнеше жылдың жүзі болған. Бір-бірін жақсы көреді. Бірақ заңды түрде шаңырақ көтеруге екеуінің де құлқы жоқ. Ата-аналары ажырасып кеткендіктен, олар отбасы туралы басқаша ойлайды. Содан жыл сайын туыстарымен Рождествоны бірге қарсы алмау үшін түрлі себеп тауып алады. Дегенмен осы жолы күн бұзылып, ұшағы ұшпай қалады. Содан амалсыздан бір емес, төрт үйге кіріп, мерекелік дастарханнан дәм татуға тура келеді. Ал туыстар жиналған жерде неше түрлі қызық та келеңсіз оқиға болады.

Сондай-ақ оқыңыз