
2029 жылдан бастап YouTube америкалық киноакадемия сыйлығын табыстау рәсімінің эксклюзивті көрсетушісі болады. Ең беделді киносыйлық тарихындағы маңызды бетбұрыс жайлы академияның өзі Х желісінде хабарлады.
Екі тараптың келісімі бойынша, салтанатты шараның негізгі рәсімі, қызыл кілем мен сахна сыртындағы оқиғалар және Governors Ball ютубта көрсетіледі. Көрермендер барлық контентті тегін көре алады.
Жаңа келісім «Оскар» және ABC телеарнасының 1976 жылдан бері жалғасып келе жатқан ұзақ мерзімді серіктестігі аяқталды деген сөз. Бұрын салтанатты рәсім тек телеарнадан көрсетілетін. Енді киноакадемия YouTube-тің 2,5 миллиард пайдаланушысы арқылы жаһандық аудиторияны кеңейтуді көздеп отыр.
«Біз YouTube-пен көпқырлы жаһандық серіктестік орнатқанымызға қуаныштымыз. Бұл серіктестік Академия жұмысын әлемдік аудиторияға барынша танытуға мүмкіндік береді, бұл кино қоғамдастығы мен Академия мүшелері үшін өте пайдалы», – дейді бұл жайлы академия президенті Линетт Хауэлл Тейлор.
«Оскар» – 1929 жылы негізі қаланған, кинематография саласындағы ең беделді әрі көне халықаралық сыйлықтардың бірі. Жыл сайын киноиндустрияға қосқан зор үлесі, кәсіби шеберлігі және үздік туындылары үшін актерлерге, режиссерлерге және өзге де маман иелеріне беріледі. Оны америкалық киноөнер академиясы бекітеді.
Сондай-ақ «Халықаралық кинематографты бағындырған қазақстандық актерлер» жайлы мақаланы ұсынамыз. Корея, Ресей, Түркиядан бастап, Холливуд пен Еуропаны да бағындырған қазақ актерлері жайлы мына жерден оқи аласыз.