
Қазақстанның халық әртісі, аты аңызға айналған актер Асанәлі Әшімов студент кезінен бастап күнделік жазған. Желіде күнделігінен жазбалар тарады. Сақталып қалған жазбалардың өзі актердің ішкі әлемі мен өмір жолынан терең сыр шертеді.
Күнделік беттерінде өнер адамының қуанышы мен күйзелісі, қоғамға деген көзқарасы, жеке трагедиясы мен тағдырлы сәттері еш боямасыз берілген.
01.01.1985
Биыл жалпы Шоқанның жылы. Тағы да күнделік бастадым. Студент кезімде 13 дәптерім болған. Жоғалды. Салақтық.
25.05.1992
…Телефон арқылы Оралхан Бөкеевпен біраз жылы сөз айтыстық. «Газетті творчествосы таусылған біреуге тапсырып, жазуға кіріссем деймін» дейді. Бірақ мансап деген пәле қазаққа дерт боп жабысқан, айырылғысы келмейді.
10.06.1992
Қазақ өлген адамды шығарып салудан мықты. Тірісінде соның 3 пайызы болса…
14.03.1993
Мюнхень. Майра ауруханада. Ес-түссіз. Бүгін отау құрғанымызға 35 жыл. Қасымда ұлым Мәди.
11.01.1994
Кино үйі. Депутаттыққа ұсынған екен. Соған отказ беруге бардым.
06.03.1997
Баспасөз министрі Алтынбек Сәрсенбаевқа бардым. Фотоальбомымды шығаруға көмектесетінін, орынбасары Әлібек Асқаровқа тапсырғанын айтып, жүректі жібітті.
01.01.1999
Мәдидің дүниеден өткен күн. Адал да, ақылды баламды жоғалтып, сорлап қалған қаралы күн.
01.09.1999
«Үйдің берекесі әйелге байланысты» дегенге көзім толық жетті.
18.10.1999
Сағиым үйге келіп, апаммен әңгімелесіп отырғанында келдім. Таңданып: «Мұндай уақытта келе бермеуші едің» дедім. «Аға, қонғалы келдім» деді. Ваннага түсіп, бөлек бөлмеге төсек салып жатып қалды. Содан тұрмай қалды ғой, құлыным. Мен үшін жұмбақ.
06.12.2000
«Тарлан» деген сыйлық ойлап тауып, енді, әсіресе, талантсыздарды жүгіртіп қойды.
24.01.2001
Қазақтың тамақ пен бос әңгімеге жаны құмар.
15.03.2003
Ауруханаға соғып Бағдатты үйге алып кеттім. Бағдаттың инициативасы. Үйдің берекесін кіргізетін әйелдер болады, Майра сияқты. Бұл да солай-ау деймін. Дай бог!
21 желтоқсан күні қазақ өнері қара жамылды. Асанәлі Әшімов 89 жасқа қараған шағында қайтыс болды. Халық әртісімен қоштасу рәсімі 23 желтоқсан күні Алматыдағы Абай атындағы Балет және опера театрында өтеді.