
Шымкент қаласында TikTok пен YouTube-те тікелей эфирде «күліс» қарта ойынын өткізіп, бәс тіккен күдіктілер ұсталды. Бұл туралы Kursiv.Media Қаржылық мониторинг агенттігі мәліметіне сүйене отырып хабарлады.
Құзырлы мекеме мәліметінше, екі адам екі жыл бойы «TauBrat» парақшасында заңсыз құмар ойын өткізген. Күдіктілер қылмыстан тапқан ақшаны заңдастыру үшін банк карталарына рәсімделген «дроптарды» пайдаланып, қолма-қол ақша шығарып отырған.
«Жалпы қылмыстық табыс 93 млн теңгеден асып, күдіктілер сол қаражатқа Hyundai Sonata автокөлігін, тұрғын үйі бар жер телімін сатып алған», – деп таратты ҚМА.
Сот осы мүліктерді бұғаттады. Екі күдікті екі ай мерзімге қамауға алынды.
Осының алдында ғана Шымкентте бір әйел құмар ойын үшін әркімнен 35,4 млн теңге қарыз алғаны туралы мәлімет шыққан.