Қазақстандықтар Франциядағы тау шаңғы курортына тегін бара алады

Жарияланды 24 Желтоқсан 2025 10:06

Азамат Серікхан

Азамат Серікхан

General News бөлімінің аға тілшісі a.serikkhan@kursiv.media
фото: kursiv.media архивінен

Франциядағы Сен-Коломбан-де-Виллар тау шаңғы курортында биылғы қыста шаңғы тебу тегін болады. Бұл турист тарту үшін емес, бюджет тапшылығына байланысты қабылданған шешім.

Euronews таратқан ақпаратқа сүйенсек, муниципалитет (жергілікті өзін-өзі басқару органы) ақылы модель енді өзін ақтамайтынын мойындай отырып, шаңғы билеттерін сатудан бас тартуға шешім қабылдаған.

Еуропада аспалы жол бағасының өсіп жатқанына қарамастан, билік осындай шешімге келді. Жергілікті орган бұл маркетингтік айла емес, экономикалық қажеттілік екенін атап өтті.

Жылдар бойы жиналған тапшылық

Мәселен, теңіз деңгейінен шамамен 1100 метр биіктікте орналасқан Савой аймағындағы шағын ауыл 25 жыл бойы тек шығынға жұмыс істеп келген. Бұрын жыл сайынғы тапшылық 400–600 мың еуроны құраса, соңғы маусымдарда тұрақсыз қар түсуіне байланысты бұл көрсеткіш күрт өскен. 2025 жылы операциялық шығын 1 млн еуроға жетті.

Муниципалитеттің жалпы жылдық бюджеті 2,7 млн еуро екенін ескерсек, бұл қаржылық жүк өте ауыр болып отыр.

Мэр Пьер-Ив Боннивардың айтуынша, қалалық бюджеттің 40%-ына дейінгі қаражат шығынға ұшыраған тау-шаңғы қызметін жабуға жұмсалған, бұл Франциядағы жергілікті өзін-өзі басқару туралы заңнамаға қайшы. Осыған байланысты префектура (әкімшілік орган) араласып, шығындарды күрт қысқартуды, тіпті аспалы жолды ішінара немесе толық жабуға дейін талап еткен.

Тегін сырғанақ билікке несімен тиімді

Көтергіш операторларымен бірлесіп тұрақты экономикалық модель құру әрекеттері нәтиже берген жоқ. Ски-пасс сату үшін билет жүйесі мен кассаларды ұстауға маусымына 36-41 мың еуро қажет болар еді, ал болжанған табыс 18 мың еуродан аспайды.

«Шын мәнінде, ақы алмау бізге арзанға түседі», – деді мэр.

Муниципалитеттің бағалауынша, тегін формат 150-200 мың еуроға шығады, бұл өткен қысқа қарағанда шамамен бес есе арзан.

Еске салайық, 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында Қазақстанның курорттық өңірлерінде 3,8 млн адам демалып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда туристер саны 14%-ға артты. Жалпы келушілердің 16,5%-ын шетелдік туристер құрады, бұл қазақстандық курорттардың халықаралық деңгейде де сұранысқа ие екенін көрсетеді.

Сондай-ақ оқыңыз