
«Руың кім» комедиясы сценарийінің авторы Нұржан Еркінұлы мәжіліс депутаты Ерлан Саировты ашық кездесуге шақырды. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Айта кетейік, прокатқа шыққанына бір-ақ апта болған «Руың кім» фильмі кинотеатрлардан алынып тасталған еді. Осы жағдайға байланысты Нұржан Еркінұлы үнсіз қала алмайтынын айтып, наразылығын білдірді.
Сценарий авторының айтуынша, отандық кино енді ғана көрерменге жол тауып келе жатқан сәтте мұндай шешімдер қабылдануы қынжылтады.
«Халық енді ғана өз киноларымызды көре бастап еді. Голливуд емес, Ресей емес – өзіміздің төл туындыларымыз. Қазақты шынайы қалпында көрсету қылмыс па?» – деп жазды Еркінұлы.
Сонымен қатар фильмнің қоғамды бөлмей, керісінше бірлікке шақыратынын атап өтті. Автор депутатты фильмді өз көзімен көріп, содан кейін ғана пікір айтуға шақырды.
Бұған дейін депутат Ерлан Саиров аталған фильмді сынаған еді.
«Осындай келіссіз, қажетсіз тақырыпты арқау еткен арнайы фильм прокатқа шығыпты. Бұл арқылы кино түсірушілердің не айтпақ болғаны түсініксіз. Қазақтың руларын салыстыратын, кемсітетін фильмдердің мақсаты қандай? Тіпті фильмді жарнамалау үшін жасалған экспозицияда Қазақстанның картасын үш жүзге бөліп қойған. Бұл – бассыздық», – деген еді депутат.
Нұржан Еркінұлы депутат Ерлан Саировты арнайы көрсетілімге келіп, ашық диалог құруға дайын екенін жеткізді.