Ұлт театрына 100 жыл: мерейтой «Еңлік-Кебек» спектаклімен ашылады

Жарияланды 12 Қаңтар 2026 14:37

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
фото: ticketon

13 қаңтарда Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының құрылғанына 100 жыл толады.

1926 жылы қазақ театрының шымылдығы алғашқы кәсіби қойылым – М. Әуезовтің «Еңлік-Кебек» спектаклімен ашылған. Араға жүз жыл уақыт салып, бүгін сол тарихи дәстүр жалғасын тауып, мерейтойлық күні «Еңлік-Кебек» спектаклі қайта сахналанбақ. Көрсетілім сағат 19:00-де М. Лермонтов атындағы Ұлттық орыс драма театрының сахнасында өтеді. Сонымен қатар, театр музейі «Ұлттық театрдың бастауы – «Еңлік-Кебек» қойылымы» атты көрмені ұсынады.

Сондай-ақ мерейтойға байланысты Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында сағат 15:00-де «Тұңғыш ұлт театрына 100 жыл: дәстүр, жаңашылдық және көркемдік трансформация» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференциясы өтеді.

Қазақтың тұңғыш театрының тарихы

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры 1926 жылы Қызылорда қаласында алғашқы кәсіби қазақ театры болып құрылған сәттен бастап, ғасыр бойы халқымыздың асыл мұраттарын, ұлттық құндылықтарын сахна арқылы ұрпақ санасына сіңіріп келеді.

Театрда «Еңлік-Кебек», «Абай», «Қобыланды», «Қарагөз», «Айман-Шолпан» секілді қазақ мәдениетінің рухани өзегіне айналған туындылар қойылып, көрерменнің зор ықыласына бөленді. Театрдың шығармашылық мұрасы – ұлттың рухани айнасы, халықтың жан дүниесін бейнелейтін тірі шежіре болып саналады.

Театрдың негізін қалаған Серке Қожамқұлов, Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов, Қапан Бадыров, Құрманбек Жандарбеков, Иса Байзақов, Әміре Қашаубаев, Қажымұқан Мұңайтпасов сынды тұлғалардың рухани аманатын кейінгі буын лайықты жалғастырып келеді. Бүгінгі театр ұжымы кәсіби деңгейі жоғары, жаңашыл ойлайтын, дәстүр мен заманауи өнерді үйлестіре білген шығармашыл топ болып қалыптасты.

Театр тарихындағы маңызды даталар:

  • 1928 жылы театр Алматыға көшіп, жаңа буын актерлермен толықты;
  • 1937 жылы 27 ақпанда академиялық театр мәртебесін алды;
  • 1946 жылы «Еңбек Қызыл ту» орденімен марапатталды;
  • 1976 жылы «Халықтар достығы» орденімен марапатталды;
  • 1961 жылы театр жазушы, ғалым Мұхтар Әуезовтің есімін иеленді;
  • 2020 жылы 20 желтоқсанда Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен театрға Ұлттық мәртебе берілді.

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры – қазақ руханиятының қарашаңырағы, ұлттық мәдениет пен өнердің тірі шежіресі, ғасырлар бойы елдің рухын биік ұстап келе жатқан өнер ордасы.

Араға 100 жыл уақыт салып, 13 қаңтар күні сағат 19:00-де «Еңлік-Кебек» спектаклі қайта сахналанбақ. Билеттерді Fredoom Ticketon сайтынан алуға болады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Мәдениет министрлігі «Мұхтар Әуезов атындағы театры ғимаратын қайта жаңғырту жұмыстарына қатысты түсініктеме берген еді.

Сондай-ақ оқыңыз