Түйе сүтінен жасалған балмұздақ «Қазақ қызы» брендімен танылды

Жарияланды 12 Қаңтар 2026 17:27

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
балмұздақ
фото: shutterstock

Алматы облысында ұлттық тағам мәдениетін жаңаша танытатын ерекше гастрономиялық өнім пайда болды. Ол – түйе сүтінен дайындалатын балмұздақ. Өнім «Қазақ қызы» брендімен сатылып жүр. Бұл туралы Kursiv.Media өңір әкімдігінің мәліметіне сүйене отырып хабарлады.

Сексен түйесі бар

Түйе сүтінен, дәлірек айтқанда шұбаттан жасалған балмұздақты Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Сарыбұлақ ауылының 38 жастағы тұрғыны Азангүл Албосын шығарады. Табиғи құрамы, 20-дан астам дәм түрі және дәстүрге негізделген тұжырымдамасы бар бұл десертті жергілікті тұрғындар бүгінде «қазақ балмұздағы» деп атап кеткен.

Азангүлдің негізгі мамандығы – заңгер. Қазақстанға қоныс аудармай тұрып, Қытайда сотта істеген. Шамамен 15 жыл бұрын ол Қазақстанға көшіп келіп, тұрмыс құрды. Жолдасы Жарқын Жұмағазымен бірге шаруа қожалығын дамыта бастады.

«Алғашқы кезде түйе сүтін базарларда, халық көп жиналатын жерлерде стақанмен саттық. Көлігіміз болмаған соң, күйеуім өзі көтеріп жүрді. Қиын болды, бірақ сұраныс артты. Кейін адамдар өздері бізге келе бастады», – деп еске алады Азангүл.

Отбасы Сарыбұлақ ауылына 10 жыл бұрын қоныс аударған. Бүгінде фермада 80-ге жуық түйе бар. Мұнда өндірілетін шұбат, құрт пен майды тек аудан тұрғындары ғана емес, өзге өңірлерден де сатып алады.

кәсіпкер Азангүл түйе сүтінен балмұздақ жасайды
фото: gov.kz

Жеке бренд

Шаруашылықтағы негізгі өнім – түйе сүті. Халықаралық оқудан өтіп, арнайы құрал-жабдық алғаннан кейін, өткен жылы Азангүл «Қазақ қызы» атты жеке брендімен шұбаттан балмұздақ шығара бастады.

«Сүтті баяу қайнату керек. Бұл процесс 20 сағатқа дейін созылады. Сүт қоюланып, қоюландырылған сүт секілді болғанда, оған тосап қосамын. Қазір шамамен 20 түрлі дәм бар: шоколад, құрма, карамель, жидек, қауын және басқалары», – дейді ол.

Балмұздақ толықтай табиғи өнім: консервантсыз, қант мөлшері аз. Дәмі классикалық балмұздақтан кем емес, ал пайдасы әлдеқайда жоғары – дәрумендер мен қоректік заттарға бай.

Алғашында өнім Шелек ауылындағы шағын дүкенде сатылса, қазір Алматы қаласындағы дәмханалар мен мейрамханаларға тапсырыспен жеткізіледі. Қаптама дизайнын да Азангүлдің өзі әзірлеген.

«Қазақстанды әлемге танытатын басты құндылық – оның дәстүрі мен мәдениеті. Бізде ұлттық гастрономиялық брендтер болуы керек. «Қазақстанда жасалған» деген таңбасы бар өнімдер көбейгенін қалаймын», – дейді Азангүл.

Отбасының алдағы жоспары – түйе санын арттыру, бөтелкеге құйылған шұбат өндіретін цех ашу және балмұздақ өндірісін кеңейту.

Айта кетейік, Қазақстанда түйе сүті өндірісі жылына 18 мың тоннадан асады.

Сондай-ақ оқыңыз