Шымбұлақта Regular Season басталды: бағалар төмендеді

Жарияланды 13 Қаңтар 2026 16:14

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
фото: kursiv.media архиві

«Шымбұлақ» тау курортында High Season кезеңі аяқталып, курорт Regular Season режиміне өтті. Мерекелік қарбалас артта қалып, қызмет көрсету тұрақты арнаға түсті. Осыған байланысты сұранысқа негізделген динамикалық тарифтер кезеңі тәмамдалып, баға саясаты қайта қаралды.

Тау курорты әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданылатын динамикалық баға белгілеу жүйесі келушілер ағынын реттеуге мүмкіндік беретінін жеткізген. Regular Season-ға көшу арқылы курорттағы адам саны теңгерімделіп, инфрақұрылымға түсетін жүктеме азаяды. Бұл қызмет көрсету сапасын төмендетпей, қонақтарға тиімдірек шарттар ұсынуға жағдай жасайды.

Shymbulak тау курортының клиенттік сервис және сапаны бақылау департаментінің басшысы Ольга Беляеваның айтуынша, баға саясатының ашық болуы әрі алдын ала болжануы маңызды.

«Маусымдық және динамикалық баға белгілеу арқылы біз келушілер ағынын реттеп қана қоймай, қонақтарға таңдау мүмкіндігін ұсынамыз. Бірі мерекелік қарбаласты ұнатса, енді бірі тыныш әрі жайлы уақытта сырғанауды қалайды. High Season, Regular Season және жылына екі рет болатын Low Season кезеңдеріне бөлу дәл осы теңгерімді сақтау үшін қажет», – деді ол.

Regular Season кезеңінде ски-пасстардың бағасы орта есеппен 13 пайызға төмендейді. Сонымен қатар High Season уақытында тоқтатылған бірқатар жеңілдік бағдарламалары қайта іске қосылады.

Атап айтқанда, жұмыс күндері зейнеткерлер мен мүгедектігі бар жандар растаушы құжаттарын көрсеткен жағдайда курорт аумағына тегін кіре алады. Көпбалалы отбасылар, ардагерлер, еңбек өтілі бойынша зейнетке шыққандар және басқа да әлеуметтік осал топ өкілдеріне жұмыс күндері билеттер мен ски-пасстарға жеңілдіктер қарастырылған.

Бес жасқа дейінгі балалар үшін Shymbulak курортына кіру кез келген күні және кез келген маусымда тегін. Ол үшін кассадан ски-пасс картасын сатып алып, оған нөлдік абонемент жүктеу жеткілікті.

Шаңғы мен сноубордты енді үйреніп жүргендер үшін курортта арнайы «Бастаушы» тарифі бар. Бұл пакет ересектер мен балаларға арналған оқу беткейлерінде сырғанауды қамтиды. Трассалар саны шектеулі болғанымен, бағасы стандартты ски-пасстардан әлдеқайда қолжетімді.

Regular Season кезеңіндегі өзекті тарифтер туралы толық ақпаратты Shymbulak-тың ресми сайты мен мобильді қосымшасынан білуге болады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан, Қырғызстан және Түркиядағы тау-шаңғы курортындағы бағаларды салыстырған едік.

Сондай-ақ оқыңыз