
Испанияның TeleMadrid телеарнасы Қазақстан жайлы фильм түсірді. Madrileños por el Mundo жобасының кезекті шығарылымы Орталық Азиядағы ең ірі мемлекет Қазақстанға арналды.
Бағдарламада еліміздің көшпелі өткенінен бастау алатын мәдениеті, музыкасы мен табиғат аясында өтетін дәстүрлі мерекелер кеңінен көрсетіледі. Авторлар Қазақстанда заманауи қоғам мен көпұлтты мәдениет қатар дамып отырғанын ерекше атап өтеді.
Фильм барысында түсірілім тобы Астана мен Алматы қаласына барып, қалалардың тыныс-тіршілігімен танысады. Жоба кейіпкерлері – мадридтік Мигель, Николас және Аврора Еуразия ұлттық университетін, Нұр-Астана мешітін, Алматыда Көк базар, 28 Панфиловшылар саябығын аралап, Шымбұлақ пен Медеуде киіз үйден қымыз бен бауырсақтың дәмін татып көреді.
Сонымен қатар деректі фильмде Алматы облысындағы «Атлетико Мадрид» футбол академиясының жұмысы, елдегі спорт пен жастардың дамуы, күнделікті өмір мен тұрмыс ерекшеліктері де көрініс тапқан.
Еске сала кетейік, 2025 жылы Алматы облысы Талғар ауданында «Атлетико Мадрид» футбол клубының академиясы ашылған еді.