Еуропалық Одақ Иранға қарсы жаңа санкциялар пакетін енгізді

Жарияланды 30 Қаңтар 2026 09:17

Ақсәуле Әбітай

Ақсәуле Әбітай

​​General news бөлімінің редакторы a.abitay@kursiv.media
Иран наразылық
фото: shutterstock

Еуропалық Одақ елдерінің сыртқы істер министрлері Иранға қатысты жаңа санкциялар пакетін енгізу туралы шешім қабылдады. Бұл жайлы BILD басылымы жазады.

Санкция салуға Иран үкіметінің елдегі жаппай наразылықтарды қатаң басып-жаншуы, сондай-ақ Украинадағы қақтығыста Ресейге көрсетіп отырған қолдауы себеп болған.

Шектеулер шамамен 30 жеке және заңды тұлғаны қамтиды. Олардың тізімі жақын арада ЕО-ның ресми журналында жарияланады.

Құқық қорғау ұйымдарының мәліметінше, Ирандағы соңғы наразылықтар кезінде мыңдаған адам қаза тапқан. Кейбір СІМ басшылары құрбандар саны 30 мыңға жетуі мүмкін екенін жоққа шығармайды. Сондай-ақ ондаған мың адамның ұсталғаны хабарланды. Бұған дейін Иран билігі бүкіл ел бойынша мобильді байланыс пен интернетті де өшіріп қойған.

Жаңа пакет бойынша, шектеуге ілінген тұлғалардың активтері ЕуроОдақ аумағында бұғатталады. Сонымен қатар аталған тұлғаларға қатысты визалық шектеулер енгізіледі.

Қазір Ирандағы саяси ахуал әлі де тынышталған жоқ. Осыған байланысты қазақстандық әуе компаниялары Иран әуе кеңістігін айналып өтетін болды.

Сондай-ақ оқыңыз