Әлемде адамдар ненің әсерінен қатерлі ісікке шалдығып жатыр

Жарияланды 4 Ақпан 2026 10:08

Айгерім Таубай

Айгерім Таубай

General News бөлімінің тілшісі a.taubay@kursiv.media
Мамандар қатерлі ісіктің кей түрінің алдын алуға болады дейді/фото: shutterstock

Қатерлі ісіктің кей түрінің алдын алуға болады. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Халықаралық қатерлі ісікті зерттеу агенттігінің талдауында жазылған. Мамандар он жағдайдың төртеуінің алдын алуға болатынын айтады.

Зерттеуде көрсетілген 30 себептің ішінде темекі мен ішімдік, артық салмақ, физикалық белсенділіктің аз болуы, ауаның ластануы, қатерлі ісік тудыратын тоғыз инфекция бар.

2022 жылы тіркелген қатерлі ісіктің 37%-ы (шамамен 7,1 миллион жағдай) жоғарыда көрсетілген себептен туған.

«185 елден алынған деректер темекінің қатерлі ісік тудыраудағы әсерін көрсетті. Әлемде жаңадан анықталып жатқан қатерлі ісіктің 15%-ы темекіден туған. Одан кейінгі орында инфекциялар (10%) мен ішімдік ішу (3%) тұр», – делінген ақпаратта.

Мамандар ерлер мен әйелдер арасындағы өкпе, асқазан және жатыр мойны обырының жартысына жуығының алдын алуға болады деген қорытынды жасаған.

Өкпе обыры негізінен темекі шегу мен ауаның ластануымен байланысты болса, асқазан обыры көбіне Helicobacter pylori инфекциясынан, жатыр мойны обыры адам папилломасы вирусынан туындайды.

Сондай-ақ зерттеу алдын алуға болатын қатерлі ісіктің үлесі ерлерде (45%) әйелдерге (30%) қарағанда едәуір жоғары екенін көрсеткен. Ерлер арасында онкология темекі тартудан, инфекция және ішімдік ішуден туған. Әйелдердегі жағдай басқаша. Мұнда бірінші орында инфекция тұр. Одан кейін темекі тарту және салмаққа қатысты мәселе бар.

ДДҰ зерттеу нәтижесіне сүйеніп, темекіге қарсы қатаң шара қабылдау, ішімдік ішуді реттеу, адам папилломасы вирусы мен В гепатиті сияқты қатерлі ісікке әкелетін инфекцияларға қарсы вакцина салу, ауа сапасын жақсартуға бағытталған стратегия қажет екенін мәлімдеді.

Қазақстандағы жағдай

Бұған дейін KursivMedia Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың онкоурологы Шалқарбек Мұғалбековпен сұхбаттасты. Маман әңгіме барысында ер адамда тестостерон түсетін жағдай және мұсылмандарда сирек кездесетін урологиялық онкология түрлеріне тоқталды.

Кейінгі жылдардағы дерекке сәйкес, елде 230 мыңнан аса адам онкологиялық аурумен ауырады

Қазақстанда бірінші орында сүт безі обыры тұр. Екінші орында колоректалды обыр, одан кейін өкпе обыры тұр. Төртінші орында асқазан обыры, одан кейін жатыр мойны обыры жиі кездеседі.

Сондай-ақ оқыңыз