«Стиль таза түзу жолда»: ЖанСырымдардан құралған жаңа квартет желіні жарды

Жарияланды 6 Ақпан 2026 13:29

Торғын Қабен

Торғын Қабен

Фото: видеодан скрин

«Өнер қырандарындағы» Жанболат пен Сырымбет айтыскерлер – Жандарбек пен Сырыммен қосылып, онлайн аламан айтыстың көрігін қыздырды. Жастар мен тәжірибесі көбірек аға-әпке арасындағы қағытпа қалжың шағын видео-жолдаумен басталып, үлкен батлға ұласпақ. 

Жандарбек пен Сырымның командасына әзілкештер қосылып, «барлық елдің ЖанСырымдары, бірігіңдер» деп ұран тастады. Осылайша ЖанСырымдардан құралған квартет «Стиль таза Жансырым» деп 6ELLUCCI тобының әйгілі хитіне салып, Балғынбек Имаш пен Айнұр Тұрсынбаеваға жауап жолдады.

«Тақиясыз жалаңбас, инстада атыспай, уатсапқа хабарлас. Сенің стилің кімге керек, бірдеңе деп, үй бегемот. Сені ұшырады, ЖанСырым кеп шыр көбелек», – деп қағытты. 

Сөз арасында 12 ақпан күнге белгіленген онлайн батлдың және 19 ақпан күні шығатын «Абай бол» фильмінің жарнамасын да жасап үлгерді. Ал Жандарбек пен Сырым өз партиясында қазіргі трендтерді қоса отырып, «Бақай» тобының «Кім кінәлі» әнінің мәнерімен айтып шықты. «Айтыстан соң Балғынбекті Ыстанбұлға ала кет» деп жырлаған ақындар бәріне кінәлі кім екенін анықтамақ болып, ортаға сауал тастады.

Осы видео-жолдаудың астына «Өнер қырандарының» тағы бір мүшесі Мадияр Серікбаев былай деп пікір жазды:

«ЖанСырымдар көбейіп жатыр. Балғынбек аға, Айнұр әпке, мен сіздерге болысамын. Тездетіп сіздердің де дуэттеріңізге ат ойлап табу керек. «АйБал» қалай? Немесе «БалАй» қалай? Кімде қандай нұсқа бар?».

Айтыстың жаңа форматын ұнатқан көпшілік «Жандарбек жандырады, Сырым сарсаңға салдырады. Өнер қырандары өршітті. Айнұр қыз айызыңды қандырады. Балғынбек барлығын бал қылады», – деп өлеңдетіп пікір жазып жатыр. 

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін «Өнер қырандарының»  айтыстан қашып жүрген ақындарды сынап тастағаны туралы жазған едік.   

Сондай-ақ оқыңыз