Үкімет 2026 жылы айлықты көтеруді көздеп отыр

Жарияланды 10 Ақпан 2026 10:46

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
Қазақстанда айлық көтеріледі / фото: shutterstock

Премьер-министр Олжас Бектенов президентке азаматтардың еңбекақысын көтеру жоспары туралы баяндады. Бұл туралы Kursiv.Media хабарлайды.

10 ақпанда Астанада президенті Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр. Жиналыста баяндама жасаған Олжас Бектенов айлық көтерілетіні туралы мәлімдеді.

«Азаматтардың табыс деңгейінің артуы экономиканың өсу қарқынына сәйкес келмейтіні атап өтілді. Еңбекақының жалпы ішкі өнімдегі үлесінің көрсеткіші шамамен 31%-ды құрап отыр, бұл – Орталық Азия үшін жоғары көрсеткіш. Бірақ біздің мақсатымыз – әлемдік орташа көрсеткіш – 40%-ға және одан жоғары деңгейге жету», – деді үкімет басшысы.

Жалақының өсу қарқыны бизнес табысының, оның ішінде өз күшімен әрі мемлекеттік қолдау есебінен алынған табыс динамикасынан артта қалып отыр.

Осыған орай үкімет халықтың табысын арттыру үшін кешенді шараларды әзірлеп жатыр. Атап айтқанда қаржы, салық және басқа да ынталандыру шаралары атқарылады.

«Олар еңбекақыны көтеруге, лайықты жалақы төлейтін жұмыс орындарын көбейтуге, кәсіби дағдылар мен біліктілікті дамытуға, сондай-ақ азаматтар үшін қаржылық жүктемені азайтуға бағытталған», – дейді Бектенов.

Үкімет 2026 жылы халықтың нақты табысын өсіруге басымдық беріп отыр. Бұған жаңа өндірістер құруға, кәсіпкерлік бастамаларды дамытуға және тұрақты жұмыс орындарын ашуға бағытталған жүйелі шаралар кешені ықпал етеді.

Сондай-ақ оқыңыз