«Еш қиналмайды»: Тоқаев коммерциялық банктердің табысына тағы да тиісті

Жарияланды 10 Ақпан 2026 13:07

Ақсәуле Әбітай

Ақсәуле Әбітай

​​General news бөлімінің редакторы a.abitay@kursiv.media
фото: shutterstock

Банктер бизнеске қарызды тым аз береді. Бірақ өздері жеке тұтынушылардан триллиондап табыс табады. Үкімет кеңейтілген отырысында Тоқаев осылай деп мәлімдеді.

«Бүгінде еліміздің қаржы нарығындағы жиынтық активтердің 84 пайызы банк саласына тиесілі. Дегенмен бизнеске берілетін қарыз үлесі төмен деңгейде қалып отыр. Небәрі 38 пайызды құрайды. Ал екінші деңгейлі банктер былтыр «шыбық басын сындырмай», еш қиналмай 3 триллион теңгеге жуық табыс тапты», – деп атап өтті президент.

Тоқаев банк секторын алаяқтыққа да айыптады.

«Банк жүйесіндегі алаяқтық әрекеттерге куә болдық. Ірі, жүйе құраушы банктер мемлекет тарапынан орасан зор көмек берілгеніне қарамастан, дағдарысқа ұшырап, тура мағынасында 1 долларға сатылды», – деді ол.

Президент сөзінше, банктер өзіне тартатын қаржы ресурстарының құны жоғары, ол экономиканы қаржыландыруға кедергі деп ақталуы мүмкін. Бірақ ол тек сылтау ғана.

«Тағы да қайталап айтамын: бұл ретте Үкімет пен Ұлттық банктің жүйелі, үйлесімді әрі кәсіби тұрғыда жұмыс істегені маңызды. Халықаралық валюта қорының кеңесіне құлақ асып, түрлі терминологияны оңды-соңды қолдануға аса көп ақылдың қажеті жоқ. Аздап ойланып, тым болмаса көптеген түйткілді шешуге талаптанып көру, бұл – басқа мәселе», – деген ескерту жасады.

Тоқаев коммерциялық банктер бизнесті несиелендіруге ынталы емес деген мәселені бірінші рет көтеріп отырған жоқ. Одан бөлек мемлекеттен алған көмекті де қайтармағанын да айтты. Қазір елдегі төрт банк үкіметке 1,4 млн теңге қарыз.

Президент сынынан кейін заңға өзгеріс енгізіліп, банктерді бюджет қаржысы есебінен құтқару шектелді.

Сондай-ақ оқыңыз