31 магнит жұтып қойған сәбиге шұғыл ота жасалды

Жарияланды 12 Ақпан 2026 10:52

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
магнит жұтып қойған балаға шұғыл ота жасалды
Магниттер науқастың ішінде топтасып тұрып қалған / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов; фото: gov.kz

Алматы қаласында 31 магнит жұтып қойған сәбиге шұғыл ота жасалды. Бұл туралы Kursiv.Media қалалық денсаулық сақтау басқармасы мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.

Магниттер ішекті тескен

1 жас 9 айлық бала өте ауыр жағдайда Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына жеткізілген. Тексеру нәтижесінде дәрігерлер «ішектегі бөгде заттар – 31 магнит, жіңішке ішектің бірнеше жерден тесілуі, жайылған нәжістік перитонит» диагнозын қойды.

Баланың өмірін сақтап қалудың жалғыз жолы – шұғыл хирургиялық ота жасау. Дәрігерлер ортаңғы лапаротомия жасап, құрсақ қуысы ағзаларына толық тексеру жүргізді.

Ота барысында магниттер ішектен алынып, жіңішке ішектегі көптеген тесік тігілді. Құрсақ қуысы тазартылып, дренаж орнатылды. Сонымен қатар ішекке трансаналдық интубация жасалды.

Магнит қаупі

Орталық хирургі Асқар Ризвановтың айтуынша, магниттердің басты қаупі – олардың ағзаға бөлек-бөлек түскенімен, ішекте бір-біріне тартылып, ішек қабырғасын қысып қалуында.

«Магниттердің арасында ішек қабырғасы қысылады, қан айналымы бұзылады, тіндер жансызданады, тесік пайда болады. Соның салдарынан санаулы сағаттардың ішінде перитонит дамуы мүмкін. Ата-аналар көбіне баланың жағдайы қаншалықты жылдам нашарлайтынын аңғармай қалады», – деді хирург Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне.

Дәрігер бала тіпті бір магнит жұтып қойған жағдайда да дереу медициналық көмекке жүгінуі қажет деп ескертті. Ал бірнеше магнит бала өміріне қауіп төндіреді.

Мамандар ата-аналарға балалардың магнитті ойыншықтарға, магнит шариктерге және құрамында ұсақ магниттері бар заттармен ойнауын шектеуге, тұрмыста қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға кеңес берді.

Естеріңізге сала кетейік, Ақтауда шемішке шаққан бала операциядан бір-ақ шыққан.

Сондай-ақ оқыңыз