
Ораза айы – тамақтан ғана арылатын уақыт емес, рухани тазалық, шыдамдылық пен өзін-өзі тәрбиелеу уақыты. Дегенмен де көпшілік сәресіге ауыр тамақ, кешкі ауызашардан қалған тамақты қайта ысытып жей салады. Нәтижесінде күні бойы ауырлық сезіледі, ұйқышылдық пайда болады, қант деңгейі секіріп, энергия тез бітеді. Кешке қарай әлсіздік, бас ауруы немесе тіпті бас айналу жиі кездеседі.
Нутрициолог Райхан Иманбайдың айтуынша, сәресіге жеңіл, бірақ тойымды тамақтану өте маңызды.
Сәресіге не жеген дұрыс
Ақуызға бай өнімдер (тоқтық сезімін ұзақ сақтайды):
- Жұмыртқа (қайнатылған, омлет немесе жұмыртқаның ағы)
- Балық
- Тауық еті, күркетауық
- Сиыр еті, бауыр, сиыр тілі
- Өсімдік ақуыздары: жасымық (чечевица), ноқат, бұршақ, маш
Пайдалы майлар (энергияны баяу шығарады, қантты тұрақтандырады):
- Жұмыртқа сарысы
- Ерітілген сары май
- Зәйтүн майы
- Авокадо
- Жаңғақтар
- Дәндер
- Қызыл балық
Күрделі көмірсулар (энергияны ұзақ уақыт береді):
- Қарақұмық
- Қара күріш
- Тұтас дәнді нан (қара бидай, сұлы)
Көкөністер мен жидектер (ас қорытуға көмектеседі, жеңілдік береді):
- Шпинат, қияр, қызанақ
- Батат, қызылша, сәбіз
- Жидектер: қаражидек, таңқұрай, мүкжидек
Неден бас тарту керек?
Фаст-фуд, тәттілер, тәтті жемістер, бауырсақ, пирожки, булочка, пончик сияқты өнімдерден аулақ болыңыз. Бұл тағамдар қантты күрт көтеріп, тез түсіреді – қарын тез ашады, күні бойы шаршау сезіледі. Газдалған сусындар мен кофе де сусыздандырады, бас ауруын күшейтеді.
Су ішу
Сусыздану – әлсіздіктің басты себебі. Ағзада жеткілікті су болу үшін, кешкі уақытта қалай ішкен дұрыс:
- Сәресіге тұрғанда 500 мл су
- Ауызашарда 500 мл су
- Ауызашардан кейін ұйықтағанға дейін тағы 750 мл су (бөлшектеп ішіңіз)
Бұл мөлшер бас ауруы, бас айналу мен әлсіздікті едәуір азайтады.
Құрманың пайдасы
Құрма – дәрумендер мен минералдарға бай құнарлы жеміс, оның құрамында магний, калий, темір, фтор, кальций, мыс, марганец сияқты маңызды элементтер көп. Сондай-ақ А, С, В тобы (В1, В2, В6), РР дәрумендері, антиоксиданттар (полифенолдар, флавоноидтар, бета-каротин), тағамдық талшықтар мен пектин бар. Құрма табиғи қанттары (фруктоза, глюкоза) арқылы жылдам энергия береді, жүйке жүйесін тыныштандырады және көптеген аурулардың алдын алуға көмектеседі.
Құрманың негізгі пайдалы қасиеттері:
- Иммунитетті нығайтады А және С дәрумендері, антиоксиданттар күз-қыс маусымында суық тиюдің, тұмаудың алдын алады. Ағзаны вирустар мен инфекциялардан қорғайды.
- Жүрек-қан тамырлары жүйесін қорғайды Калий мен магний жүрек бұлшықетін нығайтады, қан қысымын реттейді (гипертонияға пайдалы), холестерин деңгейін төмендетеді, жүрек ауруларының қаупін азайтады.
- Асқорыту жүйесін жақсартады Тағамдық талшықтар мен пектин ішек жұмысын реттейді, іш қатудың алдын алады, ішектегі пайдалы микрофлораны сақтайды. Асқазан жарасы, гастрит сияқты мәселелерде жеңілдік береді, ағзаны токсиндерден тазартады.
- Ми мен жүйке жүйесіне пайдалы Глюкоза мен магний ми белсенділігін арттырады, есте сақтауды жақсартады, күйзелісті басады, ұйқыны реттейді, жүйкені тыныштандырады.
- Қаназдықпен (анемия) күреседі Темір мен фолий қышқылы гемоглобинді көтереді, қан құрамын жақсартады, әлсіздік пен шаршауды азайтады.
- Тіс және сүйек саулығына көмектеседі Фтор тіс эмалін нығайтады, тіс жегінің алдын алады. Селен мен кальций сүйектерді нығайтады, остеопороз қаупін төмендетеді.
Құрма – ораза кезінде сәресі мен ауызашарда өте пайдалы: энергияны тез толтырады, ұзақ тойымдылық береді және қант деңгейін тұрақтандырады. Күніне 3-7 дана жеу жеткілікті (шамадан тыс жеу қант мөлшеріне байланысты салмақ қосуы мүмкін).
Бұған дейін, Kursiv Media құрма сатып алғанда неге мән беру керектігін жазған еді.
Ораза ұстауға болатын және болмайтын жағдайлар
Ораза – Рамазан айының маңызды парызы, бірақ денсаулыққа зиян келтірмеуі тиіс. Гастроэнтеролог Қапасова Айгүл болса ораза ұстауға болатын және болмайтын жағдайларды түсіндіріп берді.
Гастроэнтерологтың айтуы бойынша, асқазан-ішек жолдарының аурулары кезінде ораза ұстау мәселесі көп адамды ойландырады. Көп жағдайда жеңіл және тұрақты формаларда ораза ұстауға рұқсат етіледі, ал ауыр немесе өршу кезеңінде – қатаң түрде тыйым салынады.
Ораза ұстауға болмайтын (қатаң қарсы көрсеткіштер) аурулар мен жағдайлар:
- Асқазан немесе 12 елі ішек жарасы (әсіресе өршу кезеңінде) ауырсыну, қан кету, эрозиялар болғанда. Ұзақ аштық қышқылдықты күшейтіп, асқынуларға (қан кету, перфорация) әкелуі мүмкін.
- Гастриттің өршуі (әсіресе эрозиялы немесе ойық жаралы түрі) Ауырсыну, күйдіргі, жүрек айнуы күшті болғанда. Бос асқазан қабықтың қабынуын күшейтеді.
- Тас ауруы (холецистит) жиі ұстамалармен Ұзақ аштық өт тоқырауын күшейтіп, ұстамаларды жиілетеді.
- Ішек қабыну аурулары
Ораза ұстауға болатын (жеңіл немесе тұрақты жағдайларда, дәрігер бақылауымен):
- Созылмалы гастрит (өршу болмаса) Симптомдар жоқ (ауырсыну, күйдіргі, жүрек айнуы жоқ), ауызашар мен сәресіге жеңіл тамақтану маңызды.
- Тітіркенген ішек синдромы Диарея немесе дегидратация күшті емес, ауырсыну қатты емес. Кешке және таңертең жеткілікті тамақтану маңызды.
- Бауырдың майлы гепатозы
- Созылмалы панкреатит
Әр адамның жағдайы әртүрлі болу мүмкін, сондықтан асқазан ауруы бар адам ораза ұстағысы келсе, міндетті түрде гастроэнтерологқа қаралып, жеке рұқсат алғаны жөн. Егер ораза ұстау денсаулыққа қауіп төндірсе, исламда оны ұстамауға немесе кейін өтеуге рұқсат етіледі.
Еске сала кетейік, Рамазан айы 19 ақпан күні басталады. Алғашқы тарауық намазы 18 ақпан күні оқылады. Ораза кестесін мына жерден көре аласыз. Бұған дейін ауызашар мен сәресіде дәрет алу тәртібі туралы жазған едік.