Теңге нығайды: 19 ақпанға арналған доллар бағамы

Жарияланды 18 Ақпан 2026 15:57

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
доллар мен теңге бағамы
Доллар 490 теңгеден төмен түсті / фото: shutterstock

Төл теңге нығайып жатыр. Қазақстан қор биржасында (KASE) сағат 15:30-дағы валюта бағамы бойынша 1 доллар 489,30 теңге тұрады. Ұлттық банк дәл осы бағаны 19 ақпандағы ресми бағам деп белгілейді.

Бір жыл бұрынғы бағамға оралды

Ұлттық валюта бір тәулікте бар болғаны 0,74 теңгеге нығайды. Есесіне доллар бір жылға жуық уақыттан бері алғаш рет 490 теңгеден төмен түсті. Дәл осындай бағам соңғы рет 2025 жылғы 3 наурызда тіркелген.

Айта кетейік, былтыр күзде АҚШ валютасы 550 теңгеге дейін көтерілген. Алайда Ұлттық банк инфляцияны тежеу, теңгені нығайту операцияларына 7 млрд доллар жұмсап, доллар раллиін тежеген. Реттеуші банк биыл да валюта интервенциясына шамамен 9 млрд доллар жұмсауды көздеп отыр.

Мәселен, 18 ақпанда KASE-де сағат 15:30-дағы нәтиже бойынша шамамен 263 млн долларға валюта саудасы жасалды.

Доллар қаншадан сатылып жатыр?

Қазақстандағы екінші деңгейлі банктер долларды 490 теңгеден төмен бағаға саудалап отыр. Ал валюта айырбастау мекемелерінде баға сәл жоғары.

kurs.kz мәліметінше, Алматы қаласында қазір 1 доллар 491 теңгеден қабылданып, 492,5 теңгеден сатылып жатыр. Астана қаласында, әдеттегідей, бағам сәл жоғары – 488 және 495 теңге.

Сондай-ақ оқыңыз