
18 ақпанда Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының үлкен залында «Әуенге айналған сезім» атты бірегей әрі инновациялық концерт өтті.
Бұл кеш отандық мәдениеттегі маңызды оқиғаға айналды. Өйткені Мемлекеттік классикалық гитаристер квинтеті алғаш рет жасанды интеллектімен (ЖИ) бірлесіп өнер көрсетті.
Көркемдік жетекшісі – Бауыржан Жылқыбаев басқарған квинтеттің құрамында Ақбар Қиарыстан (гитара), Ұланбек Ахметов (бас гитара), Асан Нарбота (гитара), Ертай Мамырхан (фортепиано), Хасан Мацаев (кахон) және қонақ ретінде Ермек Меденов (саксофон) өнер көрсетті.
Кештің басты ерекшелігі бірқатар шығармалардың өңдеулері мен аранжировкалары жасанды интеллектің көмегімен жасалғаны және ЖИ-дің цифрлық дауысы жекелеген бөлімдерде солист ретінде қолданылғаны. «Жасанды интеллект және цифрландыру» жылы аясында ұйымдастырылған бұл авторлық жоба классикалық гитараның нәзік үнін заманауи технологиямен үйлестіріп, тыңдаушыға жаңаша эмоциялық әсер сыйлады.
«Ұнатамын мен сені» әні гитаристердің сүйемелдеуімен жасанды интеллект орындап шықты:
Сондай-ақ бағдарламада әлемдік және қазақ композиторларының туындылары шырқалды:
G.Kings – «Love Liberty», «Keys to Imagination» – Yanni, Б. Жылқыбаев – «Kazakh Rumba», G. Alcocer – «Idea», G. Kings – «Inspiration», Б. Жылқыбаев – «Nomad», Е. Мамырхан – «Шексіз арман», J. Cook – «Tempest», Б. Жылқыбаев – «Қайырлы таң», Н. Тілендиев – «Құстар әні», Depapepe – «Katana», J. Cook – «Mario Take a Walk», Е. Мамырхан – «Арман».
Әсіресе әлемге танымал Gipsy Kings-тың шығармалары фламенко-румба стиліндегі жеңіл, әуезді әрі шабыттандыратын үндестігімен ерекшеленеді. Осы G.Kings шығармалары концертте классикалық гитара квинтеті мен ЖИ элементтерімен үйлескенде, дәстүрлі әуендерге жаңаша, заманауи әрі сезімтал реңк берді.
Ерекше кешке эстрада әншісі әрі композитор Ғазизхан Шекербеков, сондай-ақ Ермек Меденов сынды танымал өнер иелері қатысып, сахнада отандық мәдениеттің инновациялық әлеуетін айшықтай түсті.