
Сәнбике Гога Ашкенази енді салықты Ұлыбританияда емес, Біріккен Араб Әмірліктерінде төлейтін болады. Оның MMG Global Consulting Limited компаниясы таратқан мәліметке сәйкес, ол өткен жылдың қыркүйек айында британ салық резиденттігінен бас тартқан.
Бұл шешім оның жақын досы – бұрынғы ханзада Эндрю Маунтбеттен-Виндзорға қатысты дау-дамай ушыққан тұспен сәйкес келді.
Эпштейн құжаттарында аты аталған
Джеффри Эпштейнге қатысты сот материалдары жарияланған кезде, Ашкеназидің есімі осы хаттарда бірнеше рет аталған. Онда ол ханзаданың жақын танысы ретінде сипатталады.
Гога Ашкенази ханзадамен тек достық қарым-қатынаста болғанын, араларында ешқандай романтикалық байланыс болмағанын бұған дейін бірнеше рет ресми түрде мәлімдеген.
Гога Ашкенази кім
Гога Ашкенази (Гаухар Берқалиева) – қазақстандық кәсіпкер, Vionnet сән үйінің иесі. Сонымен қатар мұнай-газ саласында сервистік қызмет көрсететін «MunaiGaz Engineering Group» компаниясының басшысы.
Ол 1980 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. Мәскеуде оқып, кейін Ұлыбританиядағы Оксфорд университетінде білім алған.
Ашкенази әлемдік деңгейдегі саясаткерлер, бизнесмендер және король отбасы мүшелерімен тығыз қарым-қатынаста болуымен танымал.