Alatau City Bank иесі атауын өзгертпек

Жарияланды 23 Ақпан 2026 16:07

Ақсәуле Әбітай

Ақсәуле Әбітай

​​General news бөлімінің редакторы a.abitay@kursiv.media
Фарид Велиев

Фарид Велиев

фото: Дина Карамчакова, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Alatau City Bank иесі – миллиардер Вячеслав Кимге тиесілі First Heartland Securities (FHS) компаниясы атауын United Group Alatau деп өзгертпек. Бұл туралы банктің жарияланған корпоративтік деректерінде жазылған.

Еске салсақ, First Heartland Securities 2019 жылдың басында, яғни банк атауы өзгермей тұрып-ақ, оның капиталына кірген. Сол кезде компания қиын жағдайға түскен Цеснабанк-ті сатып алып, кейін ол Jusan Bank болып қайта аталды.

2021 жылдың қыркүйегінде Jusan Bank бақылауына кәсіпкер Ғалымжан Есеновке тиесілі АТФБанк те өтті.

2020 жылға дейін First Heartland Securities (FHS) компаниясы Pioneer Capital Invest арқылы үш қорға тиесілі болды:

  • «Даму қоры»,
  • «Әлеуметтік даму қоры» (екеуі де Қазақстан Үкіметінің бақылауында)
  • сондай-ақ Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев негізін қалаған «Назарбаев қоры».

2020 жылы Pioneer Capital Invest мәміле жасап, FHS акцияларының 99,7%-ын британдық Jusan Technologies компаниясына берді. Бұл келісім және Jusan Bank-тің шетелдік бақылауға өтуі қоғамда резонанс тудырып, бірқатар сот дауларына себеп болды.

2023 жылдың маусымында барлық сот процестері аяқталып, Jusan Bank пен оның еншілес ұйымдары қайтадан Қазақстан заңнамасына қайтарылды. Алайда банк «Назарбаев қорына» емес, кәсіпкер Ғалымжан Есенов иелігіне өтті.

Осы сәттен бастап ол банк акцияларының 77,86%-ын First Heartland Securities арқылы, ал тағы 19,67%-ын тікелей иеленіп, бақылау пакетін қолына алды.

Былтыр маусымда Jusan Bank ресми түрде атауын өзгертіп, Alatau City Bank атанды. Осыдан бір ай өткен соң Ким ресми түрде қаржы ұйымын Ғалымжан Есеновтан сатып алды.

Сондай-ақ оқыңыз