Вице-министр сынақтан өтіп жатқан дәрі ісіктің қай түріне қарсы екенін айта алмады

Жарияланды 25 Ақпан 2026 12:54

Айгерім Таубай

Айгерім Таубай

General News бөлімінің тілшісі a.taubay@kursiv.media
Онкологиялық ауруға шалдыққан науқастар емді басқаша алатын болады /фото: shutterstock
Препарат клиникалық сынақтан өтіп жатыр /фото: shutterstock

Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов онкологияға қарсы қазақстандық препарат туралы айтты.

Сөзінше, препарат клиникалық сынақтан өтіп жатыр.

«Клиникалық сынақ өз еркімен келісім берген адамдарға осы дәріні қолдану. Жұмыс жуық арада аяқталады. Мұндай тексерулер қанша адамның келісім бергеніне қарай, еріктілер санына байланысты жүргізіледі», – деді Тимур Мұратов.

Алайда вице-министр препараттың онкологияның қай түріне қарсы қолданылатынын нақтылай алмады. Сондай-ақ клиникалық сынақты қашан аяқталатынын айтпады.

Бұған дейін онкологиялық аурудың жайылуын баяулатуға (кей жағдайда толық емдеуге мүмкіндік беретін) бірегей отандық препарат 2025 жылдың соңына дейін тіркеуден өтетіні айтылды.

Қатерлі істіктің алдын алуға болады

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Халықаралық қатерлі ісікті зерттеу агенттігі талдауына сүйенсек, қатерлі ісіктің кей түрінің алдын алуға болады. Мамандар он жағдайдың төртеуінің алдын алуға болатынын айтады.

Зерттеуде көрсетілген 30 себептің ішінде темекі мен ішімдік, артық салмақ, физикалық белсенділіктің аз болуы, ауаның ластануы, қатерлі ісік тудыратын тоғыз инфекция бар.

2022 жылы тіркелген қатерлі ісіктің 37%-ы (шамамен 7,1 миллион жағдай) жоғарыда көрсетілген себептен туған.

Қазақстанда жыл сайын екі мыңға жуық әйелден жатыр мойны ісігі табылады. Жатыр мойны ісігі бастапқы сатыда скрининг барысында жиі анықталады. Ал аналық без ісігін ерте анықтау қиын. Ал ер адамдар кіші дәретке жиі баруды қалыпты жағдай деп санайды. Себебін анықтау үшін дәрігерге жүгінбейді. Тіпті «онкология» сөзінен сескенеді. Алайда дәрет сындыру үшін түнде бірнеше рет ояну онкологияның алғашқы белгісі болуы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз