
2026 жылы қазақстандық көрерменге жаңа драмалық туынды – «MAMA» фильмі ұсынылады. Картина адам тағдыры, отбасы құндылығы мен ананың ішкі жан дүниесін терең психологиялық қырынан бейнелейді. Бұл фильмде алғаш рет актер Азамат Сатыбалды жұбайы Назгүл Қарабалинамен бір фильмде ойнайды.
«Жазасын өтеп, бостандыққа шыққаннан кейін Темір есімді кейіпкер өмірді қайта бастауға шешім қабылдады. Бірақ ол ұмытып кетуге тырысқан күнәлары көлеңке сияқты оның соңынан ереді. Тағдыр оны ең қиын сынаққа – деменциямен ауыратын анасына қарсы қояды. Бұл қателік пен кешірім, парыз бен ар-ұждан арасындағы күрес туралы драма, – делінген фильмнің түсіндірмесінде.
Фильмнің режиссері әрі сценарий авторларының бірі – Айбек Нығмет. Сценарийді ол актер Азамат Сатыбалдымен бірлесіп жазған. Жобаға продюсерлік еткендер қатарында Назгүл Қарабалина, Әлихан Лепесбаев және Нұрғиса Қуанышбайұлы бар.
Кинотуындының операторы – Асылхан Мелдебеков, ал музыкасын композитор Хамит Шанғалиев жазған. Көркемдік шешіміне Нұржауған Алтыбайұлы, Әкерке Мұсырали және Жазира Абылхайыр үлес қосқан.
Басты рөлдерде: Азамат Сатыбалды, Әлішер Исмайлов, Рахилям Машурова, Назгүл Қарабалина, Асан Мәжит, Ғани Құлжанов, Дулыға Ақмолда, Қамбар Нұрғали, Нұрғиса Қуанышбайұлы, Шыңғыс Раш.
Фильмнің премьерасы 2026 жылдың 5 наурызына жоспарланған.