Марокконың тылсым бейнесі: стрит-фотографпен сұхбат

Жарияланды 27 Ақпан 2026 11:30

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
фото: Диас Чапай

Марокко – бір жағынан Еуропаның әсері сезілетін, екінші жағынан араб өркениетінің иісі аңқып тұратын, ал кей аймақтарда байырғы амази халқының дәстүрі сақталған көпқабатты, көптүсті мемлекет. Әр қала, әр көше – бөлек әлем.

Қазақстандық фотограф Диас Чапай бұл елді құны 7,5 млн теңге тұратын Leica камерасымен аралап, ешкім байқамайтын детальдарды таспаға басып қайтты. Kursiv LifeStyle Диаспен Марокконың жұмбақ көшелері, «тірі» кадрдың құны және қымбат кадрлар жайлы әңгімелесті.

Диастың айтуынша, Мароккоға нақты жоспармен бармаған. «Не түсіремін?» деген сұрақтан гөрі, «қайда барамын, не көремін?» деген қызығушылық басым болған. Қалалар мен ауылдарды аралап, тар көшелермен жүріп, базарларды кезіп, кадрды сәтті ұстап қалу – оның басты ұстанымы. «Алдымен – саяхат, содан кейін ғана фото», – дейді фотограф.

Көше суреттері мен марокколықтар

Жергілікті Марокко халқы туристерге үйренген. Сондықтан танымал орындарда да, шалғай аймақтарда да кедергі болмаған. Керісінше, адамдардың көбі өздері түсіруді сұраған. Дегенмен, көше фотографы ретінде Диас үшін ең маңыздысы – адам өзін байқамай тұрған сәтті түсіру.

«Күтпеген кадр – тірі кадр. Ал біз, стрит-фотографтар, дәл сол шынайылықты көрсеткіміз келеді», – дейді ол.

Марокколықтар өте қонақжай халық. Егер сыпайы түрде портрет сұрасаң, көбіне қарсы болмайды. Бірақ Диас өзі мұндай қойылым портреттерді сирек түсіреді. Ол үшін толық көрініс, атмосфера маңызды. Ал ортақ тіл табысу үшін бірнеше негізгі сөз тіркестерін үйреніп, жергілікті мәдениетке құрмет көрсету жеткілікті.

фото: art.chapai

Құны 7,5 млн тұратын камера

Диас бұл жобаны толықтай Leica M11 камерасымен және Summicron 35mm f/2 ASPH объективімен түсірген. Бұл – премиум санаттағы, толықтай мануалды камера. Бағасы шамамен 7,5 млн теңге.

Бір қызығы, технологиялық тұрғыдан бұл камера аса «ыңғайлы» емес. Автофокус жоқ, заманауи функциялардың көбі қарастырылмаған. Бірақ дәл осы шектеулер фотографқа ерекше сезім береді.

«Бұл камера саған стрит-фотографияның азартын береді. Үлгерсең кадр сенікі. Үлгермедің бе – бәрі бітті. Яғни өз өміріңді әдейі қиындатасың, бірақ маған сол ұнайды», – дейді Диас.

Көшеге қарап отырған орындықтар

Мароккода Диастың назарын аударған ерекше деталь – орындықтардың көбі кіреберіске немесе көшеге қарап қойылады. Тіпті кофеханаларда да адамдар сырттағы тіршілікті бақылап отырады.

Бір марокколық досынан «Неге барлық орындықтар есікке қарап тұрады?» деп сұрағанда, ол:

«Бәлкім, біз сыртта не болып жатқанын бақылағанды жақсы көретін шығармыз», – деп жауап берген.

Осы детальға байланысты Диаста екі ерекше кадр бар. Біріншісі – Марракеш көшесінде түсірілген қария. Диас жатақханаға бара жатып, көзбен шамалап қашықтықты есептеп, фокус, диафрагма, ұстаманы алдын ала қойып, кадр жасаған. Аздап фокустан жаңылғанымен, сурет оған ерекше әсер қалдырған.

Марокко
фото: art.chapai

Екінші фотоның өз тарихы бар. Қарт кісі өздігінен жүре алмайды. Аяғының астында ұзын жіп байланған. Ол жіпті тартқанда, жанында отырған әйел мен бала көмекке келеді. Қарапайым, бірақ терең мағыналы кадр.

Марокко
фото: art.chapai

Марокко қазақстандықтар үшін жаңа бағыт

Айта кетейік Қазақстан азаматтары үшін Мароккоға визасыз режим енгізілген. Диастың айтуынша, билетке шамамен 500 доллар көлемінде қаражат кетеді.

Әр қалаға уақыт бөлу маңызды, өйткені Мароккода бір-біріне ұқсамайтын шаһарлар көп. Ескі Мединаға қарайтын террасасы бар қонақүйлерді таңдауға кеңес береді – көрінісі ерекше.

Сондай-ақ елді көлікпен аралап шығу – ең дұрыс шешімдердің бірі. Автосаяхат арқылы нағыз Марокконы көруге болады.

Ал жергілікті тағамдары ол бөлек әңгіме енді. Марокко тағамдарын жей бергің келеді, жей бергің», – дейді ол күліп.

Сөз соңында фотограф бір ғана кеңес айтады:

Мароккода әр сәттен ләззат алыңыз. Өйткені бұл ел сіздің жадыңызда ұзақ сақталатын әсер қалдырады.

Сондай-ақ оқыңыз