Ауызашар немесе ифтар: қайсысы дұрыс — бас мүфти түсіндіреді

Жарияланды 27 Ақпан 2026 13:50

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы
Қажы мешіттерді қазақы ою-өрнектермен безендірген жөн дейді / фото: ҚМДБ

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы халқымыздың «сәресі» мен «ауызашар» деген төл атауларды қолдануы – қазақы болмысымызға тән құндылық деп есептейді. Бұған қоса қажы елдегі мешіттерді қазақы ою-өрнектермен безендіргенін қалайды.

Қазақылық иісі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) төрағасы Наурызбай қажы «24KZ» телеарнасына сұхбат беріп, қасиетті Рамазан айының маңызы мен қазақы құндылықтар туралы әңгімеледі.

«Біз қазақ ұлты болған соң әрбір іс-шарамызда қазақылықтың иісі шығып тұруы керек. Тақиямыз бен шекпеніміз қазақша болған жөн», – дейді бас мүфти.

Наурызбай қажының айтуынша, мешіттердегі күнделікті уағыздарда да осы мәселелер жиі айтыла бастады.

«Бала кезімізден ораза ұстадық. Ол кезде «ифтар» деген сөзді білмедік. Сәресіне тұру – сауапты іс. Әлі күнге дейін есімізден кетпейтін тары қосылған шай, сүт қатқан талқан – осылардың бәрін әжелеріміз, аналарымыз кезінде сәресінде көрсеткен. Қазір осы дүниелерді жалғастырып жатырмыз», – дейді ҚМДБ басшысы.

Ифтар – араб сөзі

Бұл ретте діни басқарма басшысы ифтар мен ораза сөздерінің қайсысын қолданған жөн деген сауалға жауап берді.

«Өкінішке қарай, кейінгі уақытта ауызашардың өзін ифтар деп атап кеткен. «Ифтар» араб ұлтының сөзі. Дегенмен өзіміз қазақшалап, жалпы халыққа түсінетін, құлағымызға жағымды сөздерменен ауызашар деп атағанымыз әлдеқайда жақсы», – деді.

Сонымен бірге қажы әр елдің ауызашары әртүрлі болатынын еске салып өтті.

«Елімізде ата-бабамыздан келе жатқан тәртіп бар. Ауызашар уақытында азан айтылады. Соны тыңдап алып, дұғасын жасап, Аллаға шүкірлік айтып барып ауыз ашады».

Бұған қоса, Мүфтият мешіттер мен медреселерді қазақы ою-өрнектермен безендіру, Айт мерекелерін дәстүрімізге сай өткізу сияқты дүниелерді қолға алып жатыр.

Наурызбай қажы Тағанұлы осының алдында ораза ұстауды жүректі тазарту амалы деп сипаттаған.

Сондай-ақ оқыңыз