
Өткен демалыста Иран дрондарының шабуылына ұшыраған Дубайда қазір жағдай тұрақталған.
Осы қалада саяхаттап жүрген Мөлдір Жұмаханова Kursiv.Media-ға қаланың қазіргі жайын, туристердің жағдайын айтып берді.

Мөлдір жолдасы екеуі араб еліне 26 ақпанда барған, 4 наурыз күні Қазақстанға қайтуы керек.
Оның айтуынша қазір қала тыныш, туристер шаһардың орталығын аралап, қыдырып жүр. Жергілікті халық та жайбарақат.
«Қазір Дубайдың орталығында жүрміз, қала тыныш, кешелі бері тынышталды. Оған дейін неше түрлі дауыс шығып, адамды қорқытқан еді. 28 ақпан, 1-2 наурыз қайтуы тиіс кісілер қалып қойған, кешелі бері Қазақстанға қайтып жатыр. Біз 4-і күні ұшамыз деп отырмыз», – дейді ол.
Жарылыс қатты естілді
Мөлдірдің айтуынша, 28 ақпан мен 1 наурыз аралығында өте қорқынышты болған. Әуе қорғаныс құралдары Иран атқан дрондарды әуеден тосып алған кезде, жарылыс қатты естілген.
«Біз отельдің 10-қабатына орналасқан едік, бірдеңе гүрс етіп түсіп, жарылған кезде, отель кәдімгідей шайқалатын. Кәдімдідей қорықтық. Дрондарды әуеден қағып жатқанда жарылып, бірнеше жерге түсті. Отельдердің үстіне құлады. Бізге ешқайда шықпаңдар, қонақүй қауіпсіз осында болыңдар дегенімен, сафариге барып қайттық», – дейді ол.
Қазір Таяу Шығыс елдерінде 9 мыңға жуық Қазақстан азаматы жүр. Соның ішінде туристік қала – Дубайда бес мыңға тарта қазақстандық бар.
Қазақстан Таяу Шығыс мемлекеттерінде жүрген азаматтарды арнайы рейстермен қайтарып жатыр. 3 наурыз 340 қазақстандық қайтса, ертең 343 адамды арнайы рейспен әкелу жоспарланған.