Тәуелсіз Қазақстанда министрлік басқарған әйелдер

Жарияланды 4 Наурыз 2026 10:50

Айгерім Таубай

Айгерім Таубай

General News бөлімінің тілшісі a.taubay@kursiv.media
Кей салада 35 жыл ішінде бірде-бір әйел басшы болмаған/коллаж kursiv.media,бильд-редактор Ахтам Зиперов

Тәуелсіз Қазақстан тарихында министрлік басқарған әйел көп емес. Үкімет құрамына көз жүгіртсек, әйелдер еңбек, білім және ғылым, мәдениет пен денсаулық саласына ара-тұра жетекшілік еткен. Кей салада 35 жыл ішінде бірде-бір әйел басшы болмаған.

Қазіргі үкімет құрамында да үш әйел бар. Олар – премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова.

KursivMedia 8 наурыз – халықаралық әйелдер күні қарсаңында Үкімет құрамында болған әйелдерге шолу жасады.

Білім саласындағы ханымдар

Әйелдер жиі жетекшілік еткен саланың бірі – білім мен ғылым. Кейінгі жылдарға көз жүгіртсек, салада Жұлдыз Сүлейменова, Күләш Шәмшидинованың есімі аталады.

Сүлейменова бұл қызметке 2025 жылдың қыркүйегінде кірісті.

Ал Шәмшидинова 2019 жылы небәрі төрт ай министр болған. Содан кейін «Назарбаев Зияткерлік мектептері» басқарма төрағасы болды.

Салада есімі қалған әйелдердің бірі – Бірғаным Әйтімова. Қоғам қайраткері министрлікке 2004-2007 жылдары жетекшілік етті. 73 жастағы Әйтімова көпшілікке депутат, елші ретінде де белгілі. Одан бөлек 1993-1996 жылдары Жастар ісі, туризм және спорт министрі болған.

Ал Шәмшә Беркімбаева саланы 2002-2003 жылдары басқарды. Қоғам қайраткері 2022 жылдың сәуірінде 80 жасында өмірден өтті.

Еңбек министрлігін басқарған әйелдер

Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы халықты әлеуметтік қорғау министрі Зәуре Қадырова болған. Оның бұл қызметті 1990-1995 жылдары атқарғаны айтылады. Одан кейінгі жылдары бірнеше шақырылымда мәжіліс депутаты болды. Қазір 85 жаста.

Гүлжан Қарағұсова 2001-2007 жылдары министр қызметін атқарды. Оған дейін де, кейін де сенат пен мәжіліс депутаты болған.

Қарағұсова 2022 жылы «Зеркало» журналына берген сұхбатында былай деген:

«Анамнан гөрі басқа зейнеткерлермен жиі кездесемін. Қазақстанды жиі аралайтын болғандықтан, адамдармен кездесемін. Кездесулер жүректі ауыртады. Зейнетақы мөлшерінің аз болуына негіз бар, елдегі экономикалық жағдай солай болып тұр. Алайда үш жылдан бері зейнетақы уақытылы беріліп келеді.

Егде жастағы адамдардың көп өмірі қалмағанын түсінеміз. Бірақ мемлекет барлық ақшасын зейнетақыға жұмсай алмайды».

Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында мемлекеттік хатшы болған, Қасым-Жомарт Тоқаев жарлығымен Қызылорда облысына басшылық еткен Гүлшара Әбдіхалықова да 2009-2012 жылдары осы министрлікті басқарды.

«Тамара, шаршадың ба бұл жұмыстан?»

Қазірге дейін еңбек министрлігін бірнеше рет басқарған бірден-бір шенеунік – Тамара Дүйсенова. Бұл қызметке ең алғаш 2013 жылы кіріскен. Содан кейін денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі болған тұста да 2018 жылға дейін басшы болды.

2018 жылдың ақпанында сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев Дүйсенованы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуді кейінге қалдырғаны үшін сынға алды.

Назарбаев Дүйсеноваға: «Тамара, айтшы, сен бұл жұмыстан шаршадың ба?» деген еді.

Дүйсенова 2022 жылы еңбек министрі болып қайта тағайындалып, премьер-министрдің орынбасары қызметіне дейін жетті.

Бес қыздың өлімі

Қазір Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігін басқарып отырған Мәдина Әбілқасымова бір кездері еңбек министрлігіне жетекшілік еткен. Бұл қызметке 2018 жылы кірісті.

2019 жылдың 4 ақпанына қараған түні елордада Көктал-1 тұрғын алабында жеке үйдің ауласында өрт шықты. Құтқарушылар отбасы паналаған үйден 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылы туған бес қыздың мәйітін тапты.

Әбілқасымова 2019 жылдың 25 ақпанына қызметтен босатылды.

Светлана Жақыпова министр болып тұрған тұста да Қостанай облысында өрттен бес бала қайтыс болды. Алты баланың үлкені көршілерден көмек сұрауға кеткенде үйдің шатыры опырылып түскен. Өрт кезінде балалардың анасы үйде болмаған. 

Жақыпова бұл қызметті 2023 жылдан бастап 2026 жылдың қаңтарына дейін атқарды.

Заң, экономика және мәдениет

Елде әйелдер ішкі істер, қорғаныс, ауыл шаруашылығы, сыртқы істер саласына жетекшілік етпеген. Әділет министрлігінде және қаржы министрлігінде тек бір әйелден басшы болған.

Зағипа Балиева төрт жыл әділет саласын басқарды. Бұл – 2005-2009 жылдар. Одан кейінгі жылдары мәжіліс депутаты, балалар құқығы жөніндегі уәкіл болды.

Ал қаржы министрі болған жалғыз әйел – Наталья Коржова. Ол 1996-1999 жылдары еңбек министрлігін басқарған. Қызметке кіріскен тұста Коржова 38 жаста болған. Кейіннен 2006-2007 жылдары қаржы министрлігіне жетекшілік етті. Қызметтен кеткен соң адам құқықтары жөніндегі комиссия мүшесі болды.

Жанар Айтжанова 2010-2011 жылдары экономиканы дамыту және сауда министрі (қазіргі Ұлттық экономика министрлігі) болған. Содан кейінгі жылдары сыртқы саясаттағы тұлға ретінде белгілі.

Спорт және мәдениет бір ведомство болып тұрған тұста салаға Ақтоты Райымқұлова жетекшілік етті. Өзі өнертанушы, мәдениет саласының үздігі.

Ол Құрманғазы атындағы Мемлекеттік консерваторияны «композиция және фортепиано» мамандығы бойынша бітірген. Консерваторияда оқып жүрген кезінде Райымқұлова 1984 және 1987 жылдары жас композиторлардың Бүкілодақтық байқауының екі дүркін лауреаты атанған.

Министр болып тұрған тұста да фортепианода ойнаған видеолары желіде жиі жарияланып тұрды.

Осы өнерінің арқасында Ақтоты Райымқұлованың Дінмұхамед Қонаевтың батасын алғаны айтылады.

Ақпарат саласында басшы қызметінде жүрген әйелдің бірі – Аида Балаева. Қазір Балаева мәдениет және апарат саласына жауап береді, сондай-ақ премьер-министрдің орынбасары.

Экология және денсаулық

Экология министрлігіндегі қазірге дейін небәрі екі әйел басшы болған. Бірі – Айтгүл Самакова (2002-2006 жылдар), екіншісі – Зүлфия Сүлейменова (2023 жылдың қаңтарынан сол жылдың қыркүйегіне дейін).

Зүлфия Сүлейменова министр болып тұрған тұста «Семей орманы» аумағында өрт шықты. Салдарынан орман шаруашылығының 14 қызметкері қайтыс болды.

Денсаулық сақтау саласына қазір Ақмарал Әлназарова басшылық етеді. Бұл қызметке 2024 жылы кіріскен. Оған дейін министрлікті Ажар Ғиният басқарды. Ол салаға екі жыл жетекшілік еткен. Ғиният пандемия тұсында вице-министр болған. Көпбалалы отбасыдан шыққан Ғиният бала күнінен дәрігер болуды армандаған. Қазір Ұлттық балаларды оңалту орталығын басқарып отыр.

Оған дейін салада медицина ғылымдарының докторы Мария Омарованың аты аталады. Ол бір жылға жетер-жетпес уақыт басшы болған.

8 наурыз

Биыл Халықаралық әйелдер күні 2026 жылы 8 наурыз жексенбіге түсіп тұр. Еңбек заңнамасына сай, мереке күні демалысқа тұспа-тұс келсе, демалыс жұмыс күніне ауыстырылады. Осылайша, қосымша демалыс 9 наурыз, дүйсенбіге белгіленеді.

Сондықтан аптасына бес күн жұмыс істейтіндер 7, 8 және 9 наурыз (сенбі, жексенбі, дүйсенбі) демалады.

Сондай-ақ оқыңыз