Димаш Құдайберген мен Самал Еслямова ТҮРКСОЙ-дың жоғары марапаттарына ие болды

Жарияланды 5 Наурыз 2026 21:03

Ақниет Төленді

Ақниет Төленді

​​General news бөлімінің тілшісі a.tolendi@kursiv.media
Димаш Құдайберген мен Самал Еслямова ТҮРКСОЙ-дың жоғары марапаттарына ие болды / Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Астана төрінде ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының беделді марапаттарын табыстау рәсімі өтті. Қазақстан өнерінің қос саңлағы түркі әлемінің мәдениеті мен кино өнерін дамытуға қосқан үлесі үшін ерекше марапатталды.

Димаш Құдайберген – «Түркі әлемінің мәдени елшісі»

Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген түркі әлемі мәдениетін халықаралық деңгейде насихаттағаны үшін ТҮРКСОЙ ұйымының ең жоғары наградасы – «Түркі әлемінің мәдени елшісі» орденімен марапатталды.

Димаш — бұл мәртебелі атаққа ие болған әлемдегі екінші тұлға. Бұған дейін мұндай марапат Түркияның Нобель сыйлығының лауреаты, профессор Азиз Санджарға ғана берілген болатын.

Өз сөзінде әнші бұл жетістікті бүкіл қазақ халқына көрсетілген құрмет деп бағалады: «Өнер адамы үшін ең жоғары марапат – халықтың мойындауы мен қолдауы. Бұл марапатты мен елдеріміз арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың нығаюын білдіретін маңызды белгі ретінде қабылдаймын», – деді Димаш Құдайберген.

Самал Еслямова – «Түркі әлемінің үздік әртісі»

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал актриса Самал Еслямоваға түркі және әлемдік кино өнерінің дамуына қосқан айрықша үлесі үшін ТҮРКСОЙ-дың арнайы жүлдесі табысталды. Ол «Түркі әлемінің үздік әртісі» номинациясы бойынша үздік деп танылды.

Марапат иелерін ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов құттықтап, олардың жетістігі қазақстандық өнердің әлемдік деңгейдегі имиджін көтеріп отырғанын атап өтті.

«Димаш Құдайберген музыка арқылы мәдени елші миссиясын атқарып келеді. Ал Самал Еслямова қазақстандық кино өнерінің символына айналды. Бұл марапаттар – олардың еңбегіне берілген лайықты құрмет», – деді ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы.

ТҮРКСОЙ (Халықаралық түркі мәдениеті ұйымы) — түркітілдес халықтардың ортақ материалдық және рухани құндылықтарын сақтау, дамыту және келешек ұрпаққа беруді мақсат тұтатын халықаралық ұйым.

Сондай-ақ оқыңыз