
Қазақстанда ағымдағы банк шоттары бойынша сыйақы мөлшерлемесін қайта есептеу тетігі іске қосылмақ. Тиісті заң 16 наурыздан бастап күшіне еніп, алғашқы пайыздар 19 наурыздан бастап түсе бастайды. Бұл туралы digitalbusiness.kz басылымы жазады.
Бұған дейін қолданыста болған заңнама бойынша қарапайым дебеттік шоттар мен карталардағы ақшадан табыс алуға тыйым салынған болатын. Банктер бұл қаражатты өз қызметі үшін белсенді пайдаланғанымен, клиенттерге ешқандай дивиденд төленбейтін.
Енді бұл тыйым алынып тасталып, «Банктер және банк қызметі туралы» заңның 751-бабына жаңа өзгерістер енгізілді. Жаңа ережеге сәйкес:
- Банктер қарапайым дебеттік шоттардағы ақша үшін сыйақы төлеуге міндеттеледі;
- Сыйақы мөлшерлемесіне шектеу қойылған, ол жылдық 1%-дан аспауға тиіс.
Бұл бастаманы көтерген депутаттардың айтуынша, қазіргі жүйеде айтарлықтай теңсіздік бар.
Депутат Айдарбек Қожаназаровтың түсіндіруінше, бұл – банктер табыс тауып, бірақ халыққа ештеңе төлемей отырған орасан зор қаражат. Тіпті 1 пайыздық мөлшерлеменің өзі халыққа жылына шамамен 180 млрд теңге қосымша табыс әкелуі мүмкін. Салыстырмалы түрде, халықаралық тәжірибеде ағымдағы шоттарға АҚШ-та 0,5–2%, Еуропада 0–1,5%, ал Түркияда 3–5% аралығында пайыз төленеді.
Алайда қаржыгер Ғалым Құсайынов мұндай шешімнен үлкен өзгеріс болмайды, тек сырт көзге арналған қадам деп тұжырымдайды.
Заң жобасы Мәжілісте талқыланған кезде депутат Ерлан Саиров 5 жылда банктер қазақстандықтардың картасында жатқан ақшаның есебінен 4 трлн теңге таза пайда тапты деп мәлімдеді. Мәжілісмен мұны «мемлекеттің банктерге жасаған сыйы» деп атап, ағымдағы шотта жатқан қаржыға қайтадан сыйақы төлеуді енгізуді ұсынған.