
Әлемге әйгілі Cirque du Soleil циркі Қазақстанға ауқымды гастрольдік сапармен қайта оралады. Бұл жолғы қойылымдар Астанадағы Барыс Арена кешенінде 4–7 маусым аралығында, ал Алматыдағы Алматы Арена сахнасында 11–15 маусым күндері өтеді.
Бұл гастрольдер – атақты цирктің Орталық Азияға ЭКСПО-2017 көрмесінен кейінгі алғашқы ресми сапары болмақ. Әр қалада жеті қойылым жоспарланған, оның ішінде демалыс күндері күндізгі сеанстар да бар. Гастрольдердің ұйымдастырушысы – Freedom Events.
Қазақстандық көрермендерге ұсынылатын басты шоу – OVO. Бұл қойылым көрермендерді жәндіктердің түрлі-түсті әрі ерекше әлеміне жетелейді. Сахнада акробаттар шегірткеге айналып, батуттардың үстінде жоғары секіреді, өрмекшілер тор ішінде әсем қалықтайды, ал қоңыздар күрделі трюктер орындайды.
Спектакльдің тұсаукесері 2009 жылы Монреаль қаласында өткен. Содан бері OVO шоуы 40-тан астам елді аралап, 10 миллионнан астам көрермен жинаған. 2024 жылы қойылым толық жаңартудан өтіп, сахналық декорация, жарық, проекциялар, музыкалық сүйемелдеу және костюмдер жаңартылды.
Айта кетейік, OVO атауы португал тілінен аударғанда «жұмыртқа» деген мағынаны білдіреді. Бұл атау қойылымның режиссері әрі композиторы Берн Сеппастың бразилиялық тамырына меңзейді. Шоу барысында музыканы сахнадағы жеті «тарақан» орындайды – осылай безендірілген музыканттар қойылымның ерекше атмосферасын қалыптастырады.
Cirque du Soleil циркі 1984 жылы Канадада құрылған. Ол акробатика, театр және музыканы біріктіріп, цирк өнерінде жаңа бағыт қалыптастырған әлемдегі ең танымал шығармашылық ұжымдардың бірі саналады.
Бұған дейін, Қазақстанға әлемге әйгілі испан әншісі Энрике Иглесиас келетінін жазған едік.