
Алматыда Наурыз мейрамы ерекше қарқынмен басталмақ. Биылғы мерекенің шымылдығын ашатын 14 наурыз – Көрісу күні (Амал мерекесі) қала тұрғындары мен қонақтары үшін ұмытылмас сыйлықтарға толы болмақ.
Аспалы жол тегін болады
Мерекелік шараның ең басты жаңалығы – Көктөбе саябағына апаратын әйгілі аспалы жолдың (фуникулер) тегін қызмет көрсетуі.
Назар аударыңыз: Аспалы жол 10:00-ден 15:00-ге дейін барлық келушілер үшін тегін болады.
«Көктөбедегі көрісу»: Концерттік бағдарлама
Сағат 12:00-де Көктөбе биігінде Наурыз мейрамының салтанатты ашылу рәсімі және «Көктөбедегі көрісу» атты ауқымды концерттік бағдарлама басталады. Сахнада қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары өнер көрсетеді:
- Мәдина Сәдуақасова;
- Айгүл Қосанова;
- «КешYou», «Made in KZ», «Тұмар», «Алатау серілері» топтары;
- «Алатау» дәстүрлі өнер театрының әртістері.
Инновациялық құттықтау: Аудиодрондар шоуы
Биылғы Көрісу күні тек ән мен бимен шектелмейді. Алматылықтар алғаш рет аудиодрондардың қатысуымен өтетін ерекше мерекелік құттықтауға куә болады.
Бұған дейін, Алматыда Наурыз мерекесіне орай 14-23 наурыз аралығында қандай іс шаралар өтетінін жазған едік.