
Жақында «Жібек жолы» халықаралық туристік жобасы Орталық Азия елдерінің басын қайта біріктіреді, деп хабарлайды Туризм министрлігі.
2026 жылдың 20-25 наурызы аралығында туристік поезд Ұлы Жібек жолы бағыты бойынша жолға шығып, бірыңғай трансшекаралық саяхат аясында Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстанды байланыстырады.
Бағыт Алматы — Түркістан — Самарқанд — Душанбе — Ташкент — Алматы бағдары бойынша өтеді және қатысушыларға бірнеше күн ішінде өңірдің негізгі тарихи-мәдени және рухани орталықтарымен танысуға мүмкіндік береді.
Жоба мемлекетаралық туристік ынтымақтастықты дамытуға, Орталық Азия елдері арасындағы байланыстарды нығайтуға және бірлескен трансшекаралық туристік маршруттарды ілгерілетуге бағытталған.
Сапар аясында қатысушылар келесі қалаларды аралайды:
- Түркістан — түркі әлемінің рухани орталығы;
- Самарқанд — ислам өркениетінің маңызды тарихи қалаларының бірі;
- Душанбе — бай мәдени мұрасы бар Тәжікстан астанасы;
- Ташкент — өңірдің ірі әкімшілік және туристік орталығы.
Маршрут бағдарламасына экскурсиялар, тарихи-мәдени мұра нысандарын аралау және қатысушы елдердің дәстүрлерімен таныстыратын мәдени іс-шаралар кіреді.
Жоба Туризм және спорт министрлігінің, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ және «Қазақстандық туризм индустриясы» қолдауымен жүзеге асырылуда.