
Қазақстанда Конституцияны өзгертуге қатысты референдум өтті. Exit poll нәтижесіне сәйкес, дауыс бергендердің 86,7%-ы жаңа Конституция жобасын қолдаған.
Осы орайда Ұлттық статистика бюросы елде Конституция есімді қанша қазақстандық бар екенін жариялады.
«Қазақстанда Конституция есімі берілген 1 адам тұрады, сондай-ақ Атазаң мен Заң есімді бір-бір адамнан бар», – деп хабарлады мамандар.
Сондай-ақ екі адамға Дауыс деген ат қойылған.
Сайлауға қатысты есім көп тараған. Мысалы, Сайлау есімі 2003 адамға қойылса, бұл азаматтардың жартысына жуығы 50 жастан асқан. Көпшілігі Астана қаласында тұрады – 166 адам.
Сондай-ақ әйелдер арасында Сайлаугүл есімді 24 адам болса, Сайлаубек есімді 1 197 адам бар.
Маңғыстау облысында референдум күні көпбалалы отбасында тоғызыншы сәби дүниеге келді. Балаға Атазаң деп ат қойған.
Айта кетейік, енді жыл сайын 15 наурызды – Конституция күні ретінде атап өтеміз. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.