Өзбекәлі Жәнібеков және Наурыз: 62 жыл тойланбаған мейрам қалай жанданды

Жарияланды 19 Наурыз 2026 15:35

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
коллаж: kursiv.media

Биыл Қазақстанда Наурыз мейрамы қайта жаңғырғанына 38 жыл толып отыр. Ұлттық болмысымызбен біте қайнасқан ұлық мереке ұзақ жылдар бойы тойланбай, тәуелсіздік қарсаңында ғана халқымен қайта қауышты.

Наурыздың алғаш ресми тойлануы

1920 жылы 20 наурызда Түркістан республикасы атқару комитетінің төрағасы Тұрар Рысқұлов қол қойған бұйрыққа сәйкес Наурыз алғаш рет ресми мереке ретінде атап өтілді. Рысқұлов мейрамды діни сипаттан ажыратып, халықтық көктем мерекесі ретінде кеңінен тойлауды қолдады.

Алайда 1924 жылы Түркістан республикасы тарап, өңір жаңа саяси құрылымдарға бөлінді. Ал 1930-жылдары кеңестік билік Наурызды «ескіліктің сарқыншағы» деп бағалап, ұлттық және діни дәстүрлерді шектеу саясатын жүргізді. Соның салдарынан мереке 60 жылдан астам уақыт бойы ресми түрде тойланбай қалды.

Қайта жаңғыру кезеңі

1980-жылдардың соңында Қайта құру кезеңі басталып, қоғамда еркіндік пен ұлттық құндылықтарға бетбұрыс байқалды. Осы кезеңде Наурызды қайта жаңғырту мәселесі көтеріле бастады.

Белгілі ғалым Рахманқұл Бердібай бастаманы қолдаған тұлғалардың бірі ретінде Өзбекәлі Жәнібеков есімін атап өтеді. Сол кезеңде партия басшылығында болған Жәнібеков Наурызды қайтадан ресми деңгейде тойлауға үлкен үлес қосты.

1988 жылғы тарихи сәт

1988 жылы Наурыз алғаш рет Алматы қаласында және Алматы облысының Жамбыл ауданында халықтық мереке ретінде атап өтілді. Бұл – ұзақ үзілістен кейінгі тарихи оқиға еді.

Осыдан кейін Наурыз мерекесі қайта жанданып, келесі жылдан бастап бүкіл Қазақстан бойынша кеңінен тойлана бастады.

Ресми мәртебе алуы

1991 жылы Қазақ ССР президенті Нұрсұлтан Назарбаев арнайы жарлыққа қол қойып, 22 наурызды Наурыз мейрамы ретінде ресми түрде жариялады. Бұл шешім тарихи әділеттіліктің орнауына жол ашты.

Еске сала кетейік, бұған дейін Роза Рымбаеваның «Наурыз думан» әнінің шығу тарихын жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз