«Ораза біте сала…»: блогер Бота Мианың ашық-шашық образы көпшілікке ұнамай қалды

Жарияланды 25 Наурыз 2026 18:03

Торғын Қабен

Торғын Қабен

фото: блогердің инстаграм парақшасынан

1,4 миллион оқырманы бар блогер – Бота Миа қашанда айрықша контентімен жұртты таңғалдырудан шаршамайды. Сол әдетіне басқан ол фоллоуерлеріне жаңаша образын көрсетпек болып фотосессия жасады. Әйтсе де, оның тым ашық киімі жанкүйерлерінің өзіне ұнамай, Бота хейттің астында қалды.     

Бота жатарда киетін және үй киімінің тым ашық-шашық түрін киіп, фотосессия ұйымдастырды. Қара түсті қысқа көйлек киген образын ол біз өкше туфлимен толықтырған. Оған қоса жатын бөлмеде, төсекте түсірілген фотоларға қарап, оқырман блогерді біршама сынап тастады. «Ораза біте сала.. Неге? Ұяң мінез Ботаның екінші аты еді. Ал не болды? Мұндай фотоларсыз-ақ жұлдызсың, әр нәрсенің шегі болады, ал сен шектен шығып кеттің, өз ойым. Әл былай фотолар керемет (бірақ образ саған арналмаған)», – деп ренішін білдіріп жатқан адам аз емес.

Десе де, сұлулыққа тамсанып жатқан жұртшылықтың да көп екенін атап өту керек. «Барды бар деп көрсету керек, фигура бомба», «Керемет. Саған бәрі жарасады» деп жатыр кей фоллоуерлер. Бота осы постының соңына «Сексуалдығым – шығармашылықтағы энергия» деп жазба қалдырған.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Бота Мианың Динара Сәтжанға берген сұхбатында Еркебұлан Тоқтарды болашақ жары ретінде көре алатынын айтқанын жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз