
Қазақстандық шоу-бизнесте тағы авторлық құқық төңірегіндегі дау туындады. Желіде Bayansulu лақап атымен танымал әнші Баянсұлу Сағындықованың репертуарындағы негізгі хит әндердің авторы, композитор Қуат Әбіл ресми мәлімдеме жасады.
Даудың өзегі: 5 хит ән және төленбеген қаламақы
Композитордың айтуынша, ол әншінің ең танымал «Ұмытсам да», «Сондайым бар енді», «Ауа райы», «Күтемін», «Lalala» сияқты әндерінің авторы.
Қуат Әбілдің мәлімдемесіне сәйкес, бастапқы кезеңде ол материалдық пайдадан бұрын кәсіби танымалдылықты мақсат тұтқан. Алайда әндер хитке айналып, коммерциялық табыс әкеле бастағанда, автор мен орындаушы арасындағы қаржылық мәселелер реттелмеген.
«Баянсұлумен алғашында келіскен кезде «Маған ақша керек емес, атым шықса болды» деп айтқан едім. Бірақ негізгі мәселе менің еңбегіме тиесілі қаламақы төленген жоқ. Мен іс жүзінде тегін жұмыс істедім», – дейді композитор.
Келісімнен сотқа дейін
Бұған дейін тараптар арасындағы түсініспеушілік салдарынан әншінің YouTube-арнасындағы бірнеше бейнебаяны бұғатталып, орындауға тыйым салынған болатын. Кейіннен уақытша келісім арқылы контент қайта жүктелген.
Даудың жаңа кезеңі Bayansulu продюсерлік орталығын ауыстырғаннан кейін басталды. Қуат Әбіл жаңа командадан авторлық гонорарын талап еткенімен, мәселені бейбіт шешудің орнына сотқа шақыру алғанын жеткізді.
Шығармашылық индустриядағы әділдік мәселесі
Бес баланың әкесі екенін алға тартқан композитор жағдайды тек жеке басының мәселесі емес, елдегі авторлық құқықтың қорғалу деңгейінің көрсеткіші деп санайды.
«Көмек сұрап келгенде барымды салдым. Ал танымал болғаннан кейінгі қарым-қатынас осындай. Мұндайда әділдік қайда?», – деп түйіндеді ол өз видеоүндеуінде.
Әзірге әнші Bayansulu немесе оның жаңа командасы тарапынан айыптауларға қатысты ресми жауап берілген жоқ.