
Ақтаулық танымал әртіс, Ганвест лақап атымен белгілі Руслан Гоминов Мәскеуде әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мәскеудің Таган аудандық соты оған «Вика любит ПЭПЭ» трегі үшін 95 мың рубль (шамамен 563 мың теңге) көлемінде айыппұл салды.
Сот тректің мәтінін зерттеп, онда қоғамға анық құрметсіздік білдіретін және адамның қадір-қасиетін қорлайтын «әдепсіз формадағы» ақпарат бар деген қорытындыға келді.
Әншінің өзі сот үкіміне аса қайғыра қоймаған. Заңгерлер айыппұлдармен айналысып жатқанда, Гоминов өнер көрсетуін жалғастыруда. Кеше ғана ол жанкүйерлері сол баяғы «тыйым салынған» жолдарды қосыла шырқаған кезекті шулы концертінен видео жариялады.
Гоминов «Никотин» және «На рахате» хиттерінің арқасында танымал болды. Ол Маңғыстау тумасы екені белгілі.
Бұған дейін Ресейде Ганвест лақап атымен өнер көрсететін қазақстандық рэпер Руслан Гоминовке қарсы есірткі заттарын насихаттау бойынша әкімшілік іс қозғалғаны туралы жазған едік.