
Танымал стендап-комик, Youtube-тегі рейтиңі топқа кіретін бірқатар бағдарламаның резиденті Руслан Тай осыдан бірнеше жыл бұрын қатты қиналған сәтінде өзіне қол салмақ болғаны туралы айтып берді. Айтуынша, сол сәттерде әйелінің қолдауы ғана оны алға жетелеген.
Руслан Тай мен әйелі Саида Youtube-тегі Estelik атты жаңа бағдарламада қонақ болып қайтты. Ол жерде жұп алғашқы кездесу, қиындықтар, қызық оқиғалар жайлы еске алып, естеліктерді ортаға салады. Бағдарламаның екінші қонағы болған Руслан мен Саида қалай танысқандарынан бастап, балаларының дүниеге келуі, Алматыға көшуі сияқты маңызды кезеңдерді де еске алды. «Алғашқы ашылу» бөлімінде олар телефонда сақталып қалған бір видеоның тарихын айтты.
Ол жерде екеуі қыз-жігіт боп кездесіп жүрген. Видеода саябақта отырған екеуі пәлсапаға салып, әртүрлі тақырыптың басын шалып отырған сәті таспаланған. Руслан «Адам өлсе де «показухамен» өлуі керек. Иттер құсап өлігін көрсетпей деген болмайды» – дейді. Сол диалог жайлы айтқанда комик бұл видео 2017 жылдары, суицид жасау жайлы ойланып жүрген кездері түсірілгенін айтты.
«Руслан ол кезде үнемі депрессияда жүретін. Ақ револьвер деп көп айтатын. Сол кезде сенімен несіне сөйлесіп жүрмін? Барынша құтқарыппын ғой», – деп әзіл шыны аралас айтты Саида сол сәттер туралы.
Русланның өмірмен қош айтысу туралы ойын естіген жан-жары оған дем беріп, күйзелістен шығуға көмектескен.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін қазақстандық Youtube-тегі ең рейтиңі жоғары жобаларға шолу жасаған едік.