
Әнші Жазира Байырбек айтыскер ақын, психолог Айнұр Тұрсынбаеваның көріпкелдік қасиетіне таңырқады.
Оның айтуынша, Айнұрдың бір қасиеті бар. Айтқандары ұдайы дәл келеді.
«Айнұр сен жай ғана психолог емес сияқтысың. Сенің бір қасиетің бар сияқты. Білесің бе, менің қызым дүниеге келмей тұрып, туған күнімде домбырамен арнайы айттың. «Келесі жылы қызды бол» дедің. Ол кезде қызды болу мүлде ойымда жоқ. Келесі жылы қызды болдым», – деді Жазира Байырбек.
Айнұр Тұрсынбаева да мұны жоққа шығармады. Кеше Мақпал Қаратайдың үйіне барғанын, онда оның сіңлісімен кездескенін айтты. Оны 2010 жылы көрген кезде «Жұлдыз, сенің көп балаң болады» деп айтқан екен. Алты жылдың ішінде ол бес бала сүйіп үлгерген.
Жазира Байырбек одан «аузың дуалы ма, әлде алдын ала біліп тұрасың ба» деп сұрады.
«Ұстазым адамдарға өлеңмен тілек айтуды өтінді. Өйткені, өлең құдайдан келеді екен. «Құдай сенің аузыңа салады» дейді. Мәселен, Шуда Асхат Қылыш деген ақынмен айтыстық. «Сен осы ауылдан қыз алып, бақытты болып кет» деп тілек айттым. Ол сол жерде шай құйып тұрған қызды алып кеткен», – деді Айнұр Тұрсынбаева.
Айнұр Тұрсынбаеваның айтуынша, көп ақындардың аузы дуалы. Өмірден ерте, небәрі 29 жасында өткен ақын Оразалы Досбосыновтың «Оразалы ақынмын, отыздан жасым аспаған, иегін сақал жаппаған» деген сөзі бар. Мұқағали Мақатаевтың «мен өлемін қырықтың бесеуінде, өзімнің төсегімде» деп өлең жолдарын жазып қалдырған екен.
Айта кететін жайт, Жанболат пен Жазираның ұлы үйленіп, 700 адамға дүркіретін той жасаған еді.