
Ирандағы соғыс салдарынан авиациялық отын бағасының екі еседен астам қымбаттауы жаһандық әуе қатынасына айтарлықтай соққы болып тиді. Әлемдік әуе компаниялары мыңдаған рейстерді тоқтатуға мәжбүр. The Telegraph мәліметінше әлемде әуе билеттердің құны шамамен 20 пайызға қымбаттамақ.
Cirium авиациялық сараптама компаниясының мәліметінше, 30 наурыз күні жоспарланған әрбір 20 рейстің біреуі өтпей қалған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есе көп. Таяу Шығыстағы қақтығыс авиакеросиннің жаһандық қорын шектеп, бағаның күрт өсуіне түрткі болды.
Бағаның шарықтауы және жеткізілім тапшылығы
Осыдан бір жыл бұрын авиациялық отынның бір метриялық тоннасы 742 доллар болса, қазір оның құны 1710 доллардан асты. Әлемдік мұнай тасымалының бестен бір бөлігі өтетін Ормуз бұғазының жабылуы нарықтағы тапшылықты өршіте түсті. Дүйсенбі күнгі сауда-саттықта Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 116 долларға дейін көтерілді.
Сарапшылардың айтуынша, авиакеросин өндіру үшін бензин немесе дизельге қарағанда көбірек шикі мұнай қажет. Сондықтан мұнай тапшылығы ең алдымен авиация нарығына ауыр тиіп отыр. Financial Times хабарына қарағанда, осы аптада Ұлыбритания Таяу Шығыстан келетін соңғы жанармай партиясын қабылдайды.
Авиация сарапшысы Алекс Мачерас «X» желісінде: «Бір аптаға жетпейтін уақыт ішінде ірі еуропалық хабтарды қоса алғанда, бірнеше нарықта жанармайдың өткір тапшылығы басталады», – деп ескертті.
Оның айтуынша, әуежайлар қазірдің өзінде компанияларға «жанармай мүлдем болмайтын» сценарийге дайындалуды тапсырған.
Әуе компанияларының амалсыз қадамдары
Дағдарысқа байланысты ірі тасымалдаушылар ұшу кестесіне өзгерістер енгізуде:
- Air New Zealand: мамыр айының басына дейін 1100 рейсті тоқтатты.
- SAS (Скандинавия): келесі айда 1000 рейстен бас тартады.
- Vietnam Airlines: мұнай бағасы 160-200 доллар аралығында сақталса, ай сайынғы рейстерін 20%-ға дейін қысқартуы мүмкін.
- United Airlines: АҚШ-та алғаш болып табысы аз бағыттар бойынша рейстерін 5%-ға азайтты.
Билет құны 20%-ға қымбаттауы мүмкін
United Airlines бас атқарушы директоры Скотт Кирби Bloomberg-ке берген сұхбатында мұнай бағасы қазіргі деңгейде қалса, компанияның шығыны 11 миллиард долларға жететінін айтты. Бұл шығынды жабу үшін билет бағасын кемі 20%-ға көтеру қажет.
«Соңғы апталарда әуе билеттері 15-20%-ға қымбаттап үлгерді. Баға өскен сайын сұраныс азайып, саяхаттайтындар саны кемиді», – дейді Скотт Кирби.
Ол ең нашар сценарий бойынша мұнай бағасы 175 долларға дейін барып, 2027 жылға дейін 100 доллардан түспейтінін болжап отыр.
Географиялық ахуал
Жанармай бағасынан бөлек, Таяу Шығыстағы әскери қимылдар да кедергі келтіруде. British Airways, Air France-KLM және Lufthansa аймаққа бағытталған рейстерін тоқтатты.
Қазіргі уақытта рейстердің тоқтатылуы әсіресе Солтүстік Америкада қатты сезілуде: мұнда жоспарланған рейстердің 14,6%-ы орындалмады (өткен жылы бұл көрсеткіш небәрі 4,4% болатын). Жалпы алғанда, дүйсенбі күні әлем бойынша 7000-нан астам рейс кейінге қалдырылған.