Лира құнсызданды: Түркияда демалу арзандауы мүмкін

Жарияланды 13 Сәуір 2026 16:19

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Түрік ақшасы неге арзандап кетті / Фото: gemini generated

Соңғы уақытта түрік лирасының теңгеге шаққандағы бағамы айтарлықтай құбылып, 10,5 теңге деңгейіне дейін арзандады. Бұл – кейінгі 10 жылдағы ең төмен көрсеткіштердің бірі.

Бағам динамикасының қазіргі күйі

2026 жылдың сәуір айындағы мәлімет бойынша, түрік лирасының теңгеге қатысты ресми бағамы 10,51 – 10,58 теңге аралығында тұрақтап тұр. Салыстырмалы түрде айтсақ осыдан бірнеше күн бұрын бағам 10,6 теңгеден жоғары болған еді.

Соңғы 1 жылда лираның құны 15,6 теңгеден 10,5 теңгеге дейін (21,7 пайызға) арзандаған. Бұл құлдырау нарықтағы инвесторлардың көңіл-күйіне тікелей әсер етіп отыр.

Лираның құнсыздануына не әсер етті

Түрік лирасы долларға қатысты бағамы да айтарлықтай құнсызданды. 2026 жылдың сәуір айында түрік лирасы тағы да қысым астында қалып, USD/TRY жұбы 44.2–44.5 диапазонында саудаланып жатыр.

Геосаяси жағдай мен энергия ресурстарының қымбаттауы да дамушы нарық валюталарына кері әсерін тигізіп отыр.

Түркия Орталық банкінің монетарлық саясаты мен пайыздық мөлшерлемелерге қатысты шешімдері де инвесторлардың сеніміне селкеу түсірген негізгі фактордың біріне айналды.

Арзан лира кімге тиімді

Валюта бағамының бұлайша төмендеуі Қазақстан азаматтары үшін бірнеше бағытта маңызды. Түркияға демалуға баратындар үшін қызмет пен тауар бағасы теңгемен есептегенде әлдеқайда арзан бола түседі. Бұл жазғы демалыс маусымы қарсаңында туристер ағынын арттыруы мүмкін.

Сонымен қатар, Түркиядан келетін киім-кешек, құрылыс материалдары мен азық-түлік өнімдерінің көтерме бағасының төмендеуіне алғышарт жасалады.

Одан бөлек, инвестиция тұрғысынан Түркиядан жылжымайтын мүлік сатып алуды жоспарлағандар үшін бұл кезең өте тиімді болмақ.

Қазір Түркияның базалық мөлшерлемесі 37% болса, тұтынушылық баға индексі (CPI) 31.53% деңгейінде. Нарық қатысушылары 2026 жылдың соңына қарай инфляция 25.38%-ға дейін төмендейді деп күтеді.

Сондай-ақ оқыңыз