15 сәуір – ғашықтар күнінде қайда баруға болады

Жарияланды 14 Сәуір 2026 11:01

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
15 сәуір – ғашықтар күнінде қайда баруға болады / фото: ЖИ

Қазақстанда он жылдан астам уақыт бойы 15 сәуір ғашықтар күні ретінде атап өтіліп жүр. Бұл мереке Әулие Валентин күніне балама ретінде пайда болғанымен, мазмұны жағынан әлдеқайда терең әрі қазақы болмысқа жақын.

Мерекенің негізінде ХІІІ–ХІV ғасырлардан жеткен лиро-эпостық жыр жатыр. Қозы Көрпеш пен Баян Сұлудың махаббаты – адалдықтың, сертке беріктіктің және мөлдір сезімнің символы.

Мерекеге орай еліміздің екі ірі қаласында түрлі мәдени іс-шаралар жоспарланған.

Астанада классикалық өнер кеші өтеді

Елорда тұрғындары мен қонақтары үшін «Астана Балет» театры ауқымды қойылым дайындады. 15 сәуір күні сахнада «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» балеті қойылады. Қойылым 2 сағат 50 минутқа созылады. Ескеретін жайт, театрға 7 жасқа толмаған балалар жіберілмейді, ал одан асқан балаларға жеке билет қажет. Билеттерді Ticketon сайтынан алуға болады.

Алматыда қандай іс-шара болады?

Алматы қаласында мәдени таңдау өте көп. Махаббат күнін драмалық қойылымдармен өткізуді қалайтындар үшін Almaty Theatre сахнасында «Шідер» спектаклін тамашалай алады. Драма-детектив жанрындағы туынды барлаушылардың өмірі мен парыз бен сезім арасындағы күресін баяндайды.

Сондай-ақ Әуезов театрының ұжымы Concordia студенттік театрының сахнасында «Қоштасқым келмейді» атты психологиялық драманы ұсынады. А. Володиннің шығармасына негізделген пьеса отбасылық құндылықтар мен жауапкершілік туралы ой салуға бағытталған.

Ашық аспан астындағы мереке

Егер ашық аспан астындағы кешті ұнатсаңыз, 15 сәуір күні сағат 18:00-де Көктөбе саябағына баруға болады. Мұнда ғашықтар күніне арналған арнайы бағдарлама ұйымдастырылады. Кеш қонақтары жанды музыка тыңдап, түрлі ұтыс ойындарына қатыса алады. Қаланың биік жерінде романтикалық атмосфера мен кешкі Алматының көрінісі мерекенің ажарын аша түсері сөзсіз.

15 сәуір – сыйлық беріп қана қоймай, жақындарыңызға көңіл бөліп, рухани азық алатын күн. Талғамыңызға қарай театрды немесе табиғат аясындағы серуенді таңдап, күнді есте қалатындай етіп өткізіңіз.

Сондай-ақ оқыңыз