Трамп: Иранмен келіссөз демалыс күндері өтуі мүмкін

Жарияланды 17 Сәуір 2026 10:28

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

АҚШ пен Иран келіссөзі қашан өтеді/ фото: gemini generated

АҚШ пен Иран арасындағы уақытша бітімнің аяқталуына бір аптадан аз уақыт қалғанда, тараптар келіссөздің кезекті кезеңіне өтпек. АҚШ президенті Дональд Трамп бейсенбі күні келесі кездесу демалыс күндері өтуі мүмкін деп мәлімдеді.

Трамп сондай-ақ Иранның ядролық бағдарламасына қатысты жағдайдың барысы туралы да айтып өтті:

«Біз Иранның ешқашан ядролық қаруға ие болмайтынына көз жеткізуіміз керек еді. Осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Олар бұған толықтай келісті. Баріне дерлік келісті», – деді.

Келіссөздегі басты кедергілердің бірі – Израиль мен Ливандағы «Хезболла» шииттік мұсылман тобы арасындағы қақтығыс. Бейсенбі күні Трамп әлеуметтік желілерде тараптардың атысты тоқтату туралы келісімге келгені туралы жазба жариялады.

Иранның «Тасним» ақпарат агенттігі Тегеран үкіметі Ливандағы соғысты тоқтатуды қатаң талап еткенін хабарлап, Трамп пен Израильді осы талапты орындауға мәжбүрлегенін қосып өтті.

Иран «Хезболланы» қолдайды. Трамп атыс 10 күнге тоқтайтынын және бейсенбі күні АҚШ-тың шығыс уақыты бойынша сағат 17:00-де басталуы тиіс деп мәлімдеді.

Пәкістан армиясының басшысы Асим Мунир Тегеранда Иран парламентінің спикері Мұхаммед Багер Ғалибафпен кездесті. Пәкістан АҚШ пен Иран арасындағы келіссөзде делдал ретінде әрекет етіп жатыр.

Иранның мемлекеттік БАҚ-тары бұл кездесудің мақсаты – келіссөздердің келесі кезеңі жоспарын әзірлеу деп жазады.

Еске сала кетейік, Қазақстан Таяу Шығыстағы соғысқа байланысты Иранмен барлық мәмілені тоқтатты. Сыртқы істер вице-министрі Арман Исетов Таяу Шығыстағы соғыстан қазақстандық кәсіпкерлер қандай шығындарға ұшырап жатқанын айтты. Сөзінше, қазір көптеген бизнес-жоба тоқтап тұр.

Сондай-ақ оқыңыз