Алматыда Есмұхан Обаевты ақтық сапарға шығарып салды

Жарияланды 17 Сәуір 2026 12:45

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Фото: instagram

Бүгін 17 сәуір күні, Алматы қаласындағы Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында Қазақстанның халық артисі, көрнекті режиссер, профессор Есмұхан Несіпбайұлы Обаевпен қоштасу рәсімі өтті.

Қаралы жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, зиялы қауым өкілдері, шәкірттері мен марқұмның жақындары қатысты. Рәсім барысында Есмұхан Обаевтың қазақ сахна өнеріне қосқан өлшеусіз үлесі мен ұлттық руханияттың дамуындағы рөлі ерекше атап өтілді.

Театр өнерінің тарланы

Есмұхан Обаев ұзақ жылдар бойы еліміздің жетекші театрларында қызмет етіп, көркемдік деңгейі жоғары, мазмұнды қойылымдарымен көрерменнің ықыласына бөленді. Оның шығармашылық жолы ұлттық рух пен мәдени тәуелсіздік мұраттарымен тығыз байланысты болды.

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды өзінің көңіл айту жолдауында:

«Есмұхан ағамыздың өмірлік ұстанымы мен шығармашылық мұрасы елдік мүддемен сабақтас болды. Оның жарқын бейнесі мен ғибратты ғұмыры ел жадында мәңгі сақталады», – деп атап өтті.

Есмұхан Обаев (1941–2026) қазақ театрының режиссурасын жаңа деңгейге көтерген тұлғалардың бірі. Оның жетекшілігімен сахналанған классикалық және заманауи туындылар отандық мәдениеттің алтын қорына енді. Профессор ретінде өнер саласында бірнеше буын талантты шәкірттерді тәрбиелеп шығарды.

Бұған дейін, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның халық әртісі Есмұхан Обаевтың отбасына көңіл жеделхатын жолдаған еді.

Сондай-ақ оқыңыз