«Қиып алып тастады»: Балжан Бидаш КешYOU фильміндегі дауға жауап берді

Жарияланды 20 Сәуір 2026 09:51

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Балжан Бидаш КешYOU фильміндегі дауға жауап берді / фото: скрин

КешYOU тобының 20 жылдық тарихына арналған «Жүрекпен жасалған…» деректі фильмі жарыққа шыға салысымен, әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Көрермендердің назары топтың бұрынғы солисі Балжан Бидаштың айналасындағы түсініспеушілікке ауды.

«Жұлдыз ауруы ма?»

Фильмді тамашалаған желі қолданушыларының бір бөлігі Балжанның өзге әріптестері туралы айтқан пікірлерін «тәкаппарлық» деп қабылдады. Оқырман қауым әншіні «Жұлдыз бен Ақботаны төмендетіп, өзін тым жоғары санады» деп айыптады.

«Бұл апай әлі жұлдыз ауруымен ауратын сияқты. Жұлдыз анандай болды, Ақбота мынандай болды деп, өзін ғана ең жақсы етіп көрсеткісі келеді», – деп жазды қолданушылардың бірі.

Сондай-ақ көрермендер Балжанның сырт келбеті мен вокалына қатысты айтылған сынды орынсыз деп тауып, оның топтағы орны бөлек екенін алға тартты. Көпшіліктің пікірінше, 10 жылдық концерттің деңгейін көтерген дәл осы Балжанның дауысы болатын.

Балжан Бидаштың жауабы

Өзіне қатысты айтылған хейтке әнші көп күттірмей жауап берді.

Әншінің айтуынша, қыздар туралы жағымсыз ғана емес, өте көп жақсы пікірлер айтқан. Алайда фильмді монтаждау барысында оның жақсы сөздері қиып тасталып, тек «хайп» тудыратын тұстары ғана қалдырылған.

«Достар, өкінішке қарай, мені сондай позицияда көрсетіпті. Сіздер шындықты, экранның ар жағын көрмей тұрсыздар ғой. Мен қаншама қыздар жайлы жақсы сөз айттым, оны қиып алып тастады», – деді Балжан Бидаш.

Айта кетейік, Балжан Бидаш қазіргі таңда жеке шығармашылығымен айналысып жүр. Бұған дейін әнші Мальдив жағалауында жаңа әніне билеп, оқырмандарын тәнті еткен еді.

Сондай-ақ оқыңыз