
Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің ірі тұлғасы, көрнекті ақын әрі қоғам қайраткері Мұхтар Шахановты соңғы сапарға шығарып салу рәсімінде бауырлас Қырғыз елінің өкілдері ерекше құрмет көрсетті. Екі халықтың достығына дәнекер болған ақынның қазасы қырғыз ағайындардың да қабырғасын қайыстырды.
Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаровтың тапсырмасымен Алматыға арнайы делегация келді. Делегация құрамында Қырғызстанның мемлекеттік қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен белгілі қаламгерлер болды. Оның ішінде президенттің кеңесшісі, жазушы Шолпанбек Абыкеев Садыр Жапаровтың көңіл айту хатын оқып, Мереке Құлкеновке табыстады.
«Мұхтар Шаханов – қырғыз бен қазақтың ортақ перзенті. Оның Шыңғыс Айтматовпен болған рухани үндестігі, екі елдің арасындағы алтын көпір болғаны тарих беттерінде мәңгі қалады,» – деді Шолпанбек Абыкеев.
Мұхтар Шаханов кезінде Қазақстанның Қырғызстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін атқарған жылдары екі елдің мәдени байланысын нығайтуға орасан зор үлес қосқан болатын. Оның «Желтоқсан оқиғасы» кезіндегі батылдығы мен ана тілін қорғаудағы табандылығы қырғыз жастарына да үлгі болды.
Бұған дейін, Алматыдағы қоштасу рәсімінде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту хатын Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев оқыды.