Алматыда Мұхтар Шахановты ақтық сапарға шығарып салды

Жарияланды 21 Сәуір 2026 12:09

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
фото: kursiv.media, Делия Айдаралиева

Бүгін Алматыдағы Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театрында қазақтың біртуар ақыны, Халық жазушысы, қоғам қайраткері Мұхтар Шахановпен қоштасу рәсімі өтті. Театр алдына жиналған қалың жұрт пен зиялы қауым өкілдері ақынның рухына тағзым етіп, аяулы перзентін қимастықпен соңғы сапарға аттандырды.

Қаралы жиынды Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов жүргізді. Театр залында ине шаншар жер болмады.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту хатын Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев оқып берді. Хатта ақынның ұлттық мүдде жолындағы қажырлы еңбегі мен «Желтоқсан» шындығын ашудағы батылдығы ерекше аталған.

Мәжіліс Төрағасының хатын депутат Жанарбек Әшімжан жеткізсе, Түрксой ұйымының атынан Ұлықбек Есдәулет ақынның бүкіл түркі әлеміне ортақ тұлға екенін атап өтті.

фото: kursiv.media, Делия Айдаралиева

Бауырлас Қырғыз елінің құрметі

Мұхтар Шаханов пен Қырғыз елінің арасындағы рухани байланыс өте терең. Бұл жиынға Қырғызстаннан арнайы делегация келіп, Президент Садыр Жапаровтың көңіл айту хатын оқыды.

фото: kursiv.media, Делия Айдаралиева

Ақынның аманаты: Отырарға жол

Қоштасу рәсімі аяқталған соң, ақынның денесі Абай атындағы опера және балет театрынан салтанатты түрде шығарылып, Түркістан облысына қарай жол тартты.

Мұхтар Шаханов тірі кезінде өзін туған жері – Отырар топырағында жерлеуді аманаттаған болатын.

фото: kursiv.media, Делия Айдаралиева

Ертең, 22 сәуір күні Түркістан облысы, Отырар ауданында ақынның жаназасы шығарылып, Қоғам ауылдық зиратына жерленеді. Ақынның мәңгілік мекені киелі Арыстан баб кесенесінен небәрі 800 метр жерде болмақ.

«Біз шыққан тау – шындық тауы» деп жырлаған ақын мәңгілікке аттанды. Оның артында өшпес рух, отты жыр және азаттық жолындағы күреске толы өнегелі өмір қалды.

Сондай-ақ оқыңыз