
Қазақ опера өнерінің аңызы, «Орталық Азияның бұлбұлы» атанған Бибігүл Төлегенова 96 жасында жас орындаушыларға арналған бірегей шеберлік сабағын өткізбек.
Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында өтетін бұл шара вокал өнеріне қадам басқан студенттер мен жас орындаушылар үшін таптырмас мүмкіндік.
Консерватория әкімшілігі өнерсүйер қауым мен болашақ мамандарды осы тарихи кездесуден қалыс қалмауға шақырады. Шараның ең басты ерекшелігі – кіру тегін. Алматы қаласындағы Е. Рахмадиев атындағы Үлкен концерт залында 24 сәуір күні, сағат 14:00-де өтеді.
Бибігүл Төлегенованың өнердегі еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, «Отан» орденімен және «Тарлан» тәуелсіз сыйлығымен марапатталған. Әнші қазақтың халық әндерін әлемнің ең беделді сахналарында орындап, ұлттық өнерімізді халықаралық деңгейге көтерді. Оның орындауындағы «Гәкку», «Бұлбұл», «Жиырма бес» сынды халық әндері тыңдарман жүрегінде мәңгі сақталып, бірнеше буынның рухани қазынасына айналды. Сонымен қатар Бибігүл Ахметқызы классикалық және опера өнерінің дамуына да айрықша үлес қосып, қазақ вокал мектебінің қалыптасуына ықпал етті.
Еске сала кетейік, былтыр әйгілі әншінің 95 жылдық мерейтойы аясында еліміз бойынша 150-ге жуық мәдени іс-шара ұйымдастырылып, Бибігүл Төлегенованың өнер жолына арналған кештер мен концерттер өткен еді.