Беташарға 4 млн теңге салған депутат халық алдында ақталды

Жарияланды 22 Сәуір 2026 11:16

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
Аслан Қайырғалиев
Мәслихат депутаты Аслан Қайырғалиев / фото: Instagram/Aslan Kaiyrgaliyev

Ақтөбе қалалық мәслихат депутаты Аслан Қайырғалиев үйлену тойындағы беташарға 4 млн теңге салғаны әлеуметтік желілерде қызу талқыланды. Артынша-ақ күйеу жолдас көпшіліктің сынына ұшыраған әрекеті үшін ақталуға мәжбүр болды.

Депутат сынның астында қалды

Әлеуметтік желілерде таралған видеодан депутат Қайырғалиевтің беташарда қомақты ақшаны санап тұрғанын, асаба күйеу жігіттің мәрттігіне таңдай қаққанын көруге болады. Үйлену тойында көпшіліктің назарына іліккен жас жігіт 4 млн теңге салғаны мәлім болды.

«Мыналар ақшаны қайдан алады. Күндіз-түні жұмыс істесек те, айлығымыз шайлығымызға жетпейді», – деп сынады оны көрген жұрт.

Халық сері жігіттің қалалық мәслихат депутаты екенін жазбай таныды. Оның үстіне, Асланның әкесі Ақтөбе облысы Ойыл ауданының әкімі Асқар Қайырғалиев екені мәлім болды.

Ақталуға мәжбүр болды

Көп уақыт өтпей күйеу жолдас үйлену тойындағы мәрттігі үшін ақталуға мәжбүр болды.

«Бала кезден бірге өскен досымның тойы еді. Видеода барша достардың атынан жиналған сыйлықты тарту сәті көрсетілген. Күйеу жолдас болғандықтан, сыйлықты ұсыну маған тапсырылды», – дейді мәслихат депутаты.

Ол үйлену тойына жиналған көпшіліктің алдында ақша санағаны оғаш көрінгенін енді түсінгенін айтты.

«Мақтану немесе назар аудару ниетім жоқ. Жақын досымның тойындағы эмоциялық сәт қана», – дейді аудан әкімінің ұлы.

Мәлім болғандай, тойдағы осы оқиғаны депутаттық әдеп жөніндегі комиссия талқылап, Қайырғалиевке сөгіс жарияланған.

Сондай-ақ оқыңыз